Астанада ірі медиа форум өтуде
Астанада Орталық Азияда бұрын болып көрмеген медиа форум өтуде
Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Қазмедиа орталығы» xалықаралық медиа-xабының аумағында Astana Media Week бірінші қазақстандық медиаапталық өз жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА.
Шараның ашылу рәсіміне қатысқан ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған медиаапталық тек Қазақстанда ғана емес, аймақтағы ортақ медиа нарықты қалыптастыруға және одан әрi дамытуға негiз болады деп сенетіндігін баса айтты.
- Осы орайда ең алдымен бүгiнгi жиынға арнайы келген шетелдiк әрiптестерiмiзге алғыс айтамыз. Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен iргесi қаланған «Қазмедиа» орталығы алдағы уақытта аймақтағы ықпалды медиахаб ретiнде үлкен рөл атқармақ. Astana Media Week осы орталық аясындағы бiрегей медиаға айналады деп сенемiз. Тұтастай алғанда бүгiнгi шараның басты мақсаты отандық медиа нарықты дамыту ғана емес, мәдени және ақпараттық байланыстарды да тереңдету. Бiрнеше күнге созылатын жиынды осы саладағы соңғы өзгерiстер мен цифрлық технологияларды дамыту, өңiрлiк БАҚ-тың мәселелерi талқыланады. Осының барлығы қатысушылар үшiн озық тәжiрибемен танысып, шеберлiгiн шыңдауға, жаңа технологияларды ел игiлiгiне жаратуға берiлген үлкен мүмкiндiк, - деді Дәурен Абаев.