Алматы облысында мюзикл түсірілуде
Талдықорған қаласында елімізде алғаш рет түсірілгелі отырған "I Love Taldykorgan" ("Талдықорған, мен сені сүйемін!") атты қала тарихын баяндайтын қысқаметражды мюзиклді таспалау жұмыстары басталды
Бұл жөнінде Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында сценарий авторларының бірі Әділбек Әбілов мәлімдеді, деп хабарлайды Taldykorgan-online.kz.
Алматы облысының ішкі саясат басқармасының қолдауымен жарыққа шығатын туындының ұзақтығы 20-25 минут болмақ.
- Түсірілім жұмыстары 15 қыркүйекке дейін жүргізіліп, желтоқсан айында көрермен назарына ұсыну жоспарлануда. Біз киноға елімізге белгілі, болашағы зор Асылхан Төлепов, Аян Өтепберген, Ерік Хамидуллаев сынды жас актерларды таңдадық. Тамаша табиғатымыз бен қаламыздың әдемілігін, көз тартар ғимараттарын барынша көрсетуге тырысамыз. Көрерменді бірегей сценарий, кәсіби тұрғыдан аса жоғары актерлік шеберлік, әдемі әндер мен қайталанбас билер арқылы таңқалдырамыз деп ойлаймыз. Басты және қосалқы рөлдегі актерлерді бекіттік. Алайда, қаламыздың тұрғындарына көпшілік сахнаға түсу мүмкіндігі бар. Бұл туралы әлеуметтік желілерде алдын ала хабарлайтын боламыз, - дейді Ә.Әбілов.