Орал жағалауларынан 15 тонна қоқыс жиналды
Атырауда 20 ерікті Орал жағалауларын қоқыстан тазарту бойынша акция өткізді. Олар ұзындығы 700 м болатын жағалау белдеуін тазалаған
Акцияны "Balyqshy Atyrau 1" әуесқой балықшылар клубы ұйымдастырған, деп хабарлайды "Қазақпарат" ХАА сайты.
Аталған шара экологиялық тәрбие беру, су қоймаларының ластануы мәселесіне назар аудару және жағалау аймақтарындағы тазалықты сақтауға бағытталған.
Қатысушылардың пайымдауынша, жиналған қоқыстардың көп бөлігін пластик және шыны бөтелкелері, дорбалар, қоқыстар құрайды. Акция аясында жиналған қоқыстарды сырттағы қоқысқа арналған арнайы орынға шығару үшін екі КамАЗ қажет болған.
- Бұл ерікті түрдегі бастама. Білесіз бе, адамдардың басым бөлігі айналасын тәртіпке келтіруге дайын. Біздің мақсат – табиғатты қорғау және тазалықты сақтаудың қаншалықты маңызды екенін өз мысалымыз арқылы жеткізу. Уақыт өте келе су қоймаларын ластанудан арылтатындығымызға сенімдімін, - деді "Balyqshy Atyrau 1" әуесқой балықшылар клубының ұйымдастырушысы Алтынбек Пшенбаев.