Биыл 3000 қазақстандық қажылыққа аттанады
Қазақстаннан 18 туристік компания мұсылмандарды қажылыққа апармақ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық істері жөніндегі министрлігімен жыл сайын келісім жасасып, соның негізінде биылғы жылы 3 мың адамға квота бөлінді, деп хабарлайды ҚР Қоғамдық даму министрлігі.
ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың айтуынша, қажылықты қадағалау мен ұйымдастыру үшін Министрлік тарапынан ҚМДБ-мен бірге 14 адамнан тұратын қажылық миссия құрылды: ҚМДБ – 7 өкіл, БАҚ – 3 өкіл, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен 2 медицина қызметкері және ҚР Қоғамдық даму министрлігінің – 2 өкіл.
ҚМДБ-ның мәліметі бойынша барлық қажылыққа аттанушылар қажылықты ұйымдастыруға қатысқан 18 қазақстандық туристік компанияға бекітілді.
Қазақстан мен Сауд Арабиясының әуекомпаниялары 50/50 үлес арқылы ұшуды ұйымдастырады. Сауд Арабиясы тарапынан қазақстандықтардың қажылыққа ұшып баруын ұйымдастыру үшін «Fly Nas» әуекомпаниясы белгіленді. Қазақстан тарапынан өткен жылдан бері ҚР Қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен қажылыққа аттанғандарды тасымалдау бойынша қызмет көрсетуді «SCAT» әуекомпаниясы жүзеге асырады.