Астананың полицейлері 6 жасар баланы құтқарып қалды
Бүлдіршін 9 қабаттағы пәтердің терезесіне шығып кеткен екен
Оқыс оқиғаның болуына Астана қаласы ІІД ЖПҚ жол-патрульдік полициясы полкі қызметінің инспекторы Азамат Балтабаев жол бермеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты
«20 маусымда сағат 17:00-де полиция қызметіне хабарласқан куәгерлер Қобыланды батыр көшесіндегі көппәтерлі үйдің жоғары қабатында орналасқан пәтердегі ашық терезе алдында баланың жүргенін айтады. Тез арада оқиға орнына полиция аға лейтенанты Азамат Балтабаев пен сержант Тимур Шындәулетов келіп жетеді. Тәртіп сақшылары құтқарушылардың үй ауласына жедел түрде кіруі үшін амал жасады», – делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Азамат Балтабаевтың айтуынша, ол «мұнара» арқылы 9 қабатқа көтеріліп, пәтерге ашық терезеден кірген. Бұдан кейін, полицей баланы терезеден аулақ алып кетеді. Бұл кезде үйде 8 жасар қыз бен 6 жасар ұлдан басқа ешкім болған жоқ.
Балғындардың ата-анасы жұмыста болыпты. Ювеналды полиция қызметкерлері балаларға алдын алу шараларын сақтау керектігін түсіндірді.
Айта кетейік, полиция аға лейтенанты Азамат Балтабаев бұдан бір жыл бұрын Франция азаматы Жорж Киеффермен бірге ер адамның суға батып кетуіне жол бермеген болатын.