Қалыңдық алып қашқан жігіт 12 жылға сотталуы мүмкін
Қазақстандық адвокаттар қалыңдық алып қашуды "адам ұрлау" қылмысына жататындығын не жатпайтындығын айтып дауласуда
Ал Әсел Тоқаева есімді адвокат мұны адам ұрлау қылмысына жатпайындығын айтады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Әлеуметтік желідегі "Қазақстан адвокаттары" тобына жазба жариялаған Руслан Шағатаев есімді адвокат клиентінің ҚР ҚК-тің 125-бабы, 2-бөлігі бойынша келісіп адам ұрлау қылмысын жасады деп айыпталып отырғанын айтады.
- Менің қорғалушым ғашық болған қызынан айырылып қалудан қорқып, қазақтың салтына сай алып қашпақ болған. Мұны достарына айтып, төрт жігіт бірігіп, қызды жұмысынан шыққан кезде, алып қашып үйге туған-туыстарымен таныстыруға әкеледі. Ал 40 минуттан кейін полиция қызметкерлері келіп, қалыңдықты алып кетеді. Қызға ешқандай күш көрсетілмеген, денесінде жарақат жоқ. Үйге келген қыз қарсылық танытып, жігітке бой бермеген соң, ол қызға бір рет шапалақ жұмсаған. Осымен болды. Қыздың денесінде жарақат жоқ. Дәрігердің көмегіне де жүгінген жоқ, - деп жазады Шағатаев.
Сотталушы өз кінәсін мойындаған. Алайда қыздың әкесі оны жазаға тартуды талап етіп отыр. Оған 7 жылдан 12 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру туралы жаза қолданылуы мүмкін.
Ал Астана қаласындағы адвокат Әсел Тоқаева адам ұрлау фактісі кезінде, ең алдымен, күдіктінің ниеті мен пиғылына, мотивіне қарай керектігін айтады.
- Қалыңдықты алып қашуды адам ұрлау қылмысымен салыстыруға келмейді. Мақсаты бөлек, - дейді ол.
Сонымен қатар, астаналық қорғаушы Шағатаевқа Жоғары сот пен Бас прокуратураға ұсыныс хат жолдауға кеңес етті.