Астана тұрғынына Facebook желісінде жазба жариялағаны үшін айыппұл салынды
Ол әлеуметтік желіде жазба жариялап, жол-көлік оқиғасына кінәлі адам жайлы жазып, ар-намысына тиген. Ал жол оқиғасына өзі кінәлі екен
2017 жылы маусымда азамат К. Mercedes маркалы автокөлігімен кетіп бара жатып, алдағы көлікпен арадағы қашықтықты сақтамай, Б. деген азаматқа тиесілі KIA көлігіне соғылған, деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшілері Астана сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Жол-көлік оқиғасы үшін азамат К. ӘҚБК 611-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - делінген хабарламада.
2017 жылы қыркүйекте азамат К. Facebook желісіндегі парақшасында жазба жариялап, Б. деген азаматты "көлігін қасақана қоюшы" деп атаған. Ол өз кезегінде Алматы аудандық сотына арыз жазып, намысы мен абыройын қорғауды және моральдық тұрғыдағы зиянды өндіріп беруді талап еткен.
"Арызданушының ар-намысы мен абыройына кір келтіргені үшін моральдық тұрғыда залал келтіргені үшін өтемақы өндіріліп алынды. Сонымен қатар, сот жауаптыны Facebook желісіндегі парақшасында жарияланымды жоққа шығаруға міндеттеді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ", - делінген хабарламада.