Қазақстанда жаңа туған сәбилерді смс-хабарлама арқылы тіркеуге болады
Енді жаңа туған нәрестені Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, sms-хабарлама арқылы тіркеуге болады, деп хабарлайды www.24.kz телеарнасы.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамымен бірлесіп тиісті пилоттық жобаны іске қосты.
Бала өмірге келісімен, оның ата-анасына sms арқылы құттықтау келіп, сәбиді тіркеу бойынша мемлекеттік қызметтер ұсынылады. Нақтырақ айтқанда, тіркеу, жәрдемақы рәсімдеу, куәлік алу және балабақшаға кезекке қою сияқты машақаты көп жұмысты енді үйден не болмаса перзентханадан шықпай-ақ жүзеге асыруға болады. Нәресте дүниеге келген соң, емдеу мекемесі бұл ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық базасына тіркейді. Кейіннен бұл дерек «Электронды үкімет» порталына түседі.
Айта кетейік, алғашқы күннің өзінде 200-ден астам азаматшаға осындай sms-хабарламалар келген.