Шығыста жел электр станциясы салынады
Ұлан ауданының Тайынты ауылында қуаты 24 МВт болатын жел электр станциясы салынады. Станцияны салуға неміс компаниясы ниет білдіріп отыр
Ұлан ауданынан барлығы 4178 адам Астанада өткен «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесін тамашалауға аттанған. Баламалы қуат көздерін іздеуді көздейтін бұл халықаралық көрме аудан басшыларына экологиялық таза энергияны өндіруге ден қойып, көңіл бөлуге ынта берген көрінеді. Соған байланысты аудан башысы бұған дейін жоспарланып жүрген жел электр станциясын тұрғызуға мән бере бастаған.
- Аудандағы желдің қуаты толықтай зерттеліп, жобаның құжаттамасы әзірленген. Геологиялық есеп, жер телімін бөлу сынды құжаттары дайын. Аталған құжаттардың барлығы инвестордың келісіміне беріліп, жобаның қаржыландырылуын күтіліп отырмыз, - дейді Ұлан ауданының әкімі Дәулет Батырбаев.
Инвесторға 12 қазан күні ҚР Энергетика министрімен кездесу жоспарланған. Бұл кездесуде инвестор мен үкімет мүшелері арасында жобаның жүзеге асырылу уақыты белгіленбек. Баламалы қуат бекетінің құрылысы, шамамен, келесі жылы басталуы мүмкін.
- Ал 2017 жылдың қараша айында құрылыс жұмыстарына арналған қаржы бөлінуі ықтимал, - дейді аудан басшысы.
Бұл жобадан өзге, аудан басшылығы халықаралық көрмеде Финляндия ұсынған ағын суды тазарту мен ресейлік ғалымдар әзірлеген тұрмыстық, өндірістік қалдықтарды өңдеу технологиясын қолдануды, биогаз өндіру жобасын жетілдіруді ойлап отыр.
- Биогаз өндіру жөніндегі жобаның дайындық жұмыстары басталып кетті. Бұл Өскемен құс фабрикасының негізінде салынбақ. Фабрика Батыс Еуропаның құс тезегінен биогаз өндіру технологиясын пайдалануға кірісті. Қасым Қайсенов кентіндегі фабрикадағы асыранған құстың саны 1,7 миллионға жеткен. Бұл биогаз өндірісін қамтамасыз ете алады, - дейді Дәулет Батырбаев.
Одан бөлек, ауданда 60 мыңға жуық сиыр, 100 мыңға жуық қой мен ешкі және 25 мыңнан аса жылқы бар. Мұның барлығы биогаз өндірісін жасауға үлкен шикізат болмақ.