Өскемен
ясно
-11°
  • Өскемен
    -11°
  • Алматы
    +6°
  • Астана
    -10°
  • Ақтөбе
    -7°
  • Актау
    +7°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -6°
  • Көкшетау
    -13°
  • Қостанай
    -11°
  • Қызылорда
    +5°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -18°
  • Тараз
    +9°
  • Туркестан
    -7°
  • Шымкент
    +11°
$
513
+13.49
541.16
+15.33
¥
70.75
+1.85
4.69
+0.07
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Қазақстан Қазақстан Назерке Кәрімова
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Қариясы бар үйдің қазынасы бар

Көненің көзі, ақылдың кені саналатын қарияның сөзі дана, ісі ғибратты, өзі бір шежірелі кітап сынды

Ежелден үлкенін сыйлап, ауызы дуалы ақсақалдардан бата алып, халықты бірлікке, елдікке шақырған тәрбиелік, аталы сөздерін тыңдап өскен ұрпақ қарттарын қазынаға балаған.

Ал бүгін ше? Бүгін де өнегелі өмірімен жұртына сыйлы ақсақал көп. Бірақ, шынын айту керек, қария шағында бауыр еті-баласының үйіне сыймай, қарттар үйін паналаған ақсақалдарымыз  бен ақ жаулықты әжелеріміз де бар. Бұл қоғамдағы өзекті өртеп, жүректі жылатар мәселелердің бірі. Өмір бойғы көрген бейнетінің зейнетін татып, өз қара шаңырағында немере-шөбересін бауырына басып, ертегі айтып отырар шақта қарттар үйін мекен етіп, жалғыз қалған ата-әжелерді көргенде ет жүрегің қарсы айырылмай ма? Ең сорақысы солардың көбін қарттар үйіне тар құрсағын кеңітіп тоғыз ай көтерген, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген безбүйрек баласы өз қолымен  әкеліп тастайды. 

Қарттар үйі КСРО тұсында, яғни, 50-60 жылдары ауқаты төмен, еңбекке жарамсыз азаматтар үшін ашыла бастаған болатын. Ал жыл өткен сайын онда  балалары керексіз ата-аналарын апарып тастай беретін болды. Жесірін жылатпай, жетімін қаңғытпаған қазақ халқында атам заманда «қарттар, жетімдер үйі» деген түсінік болмаған. Ал қазіргі таңда Қазақстанда жыл өткен сайын қарттар үйінің саны көбейіп келеді. Бұл дегеніміз – сұраныс мол. Бұл жерді тек балаларына сыймай қалған қарттар ғана мекен етпейді. Бұл үй мұңды көздерге, сарғайған сағынышқа, ұқсас тағдырларға, өзекті өртер өкінішке толы. Дегенмен, бүгінгі таңда ел үкіметі туған-туыс, бала-шағасының қарауынсыз қалған қарияларды шетте қалдырмай, барлық жағдайды жасап, қамқорлыққа алған.

Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысының өзінде 8 қарттар үйі бар. Солардың бірі - Өскемен қаласына жақын маңдағы Солнечное кентінде орналасқан 120 орындық қарттар мен мүгедектерге арналған үй-интернаты.

- Бұл үй 2001 жылы ашылған болатын, - дейді қарттар мен мүгедектерге арналған үй-интернатының директоры Баян Назбиев. - Содан бері 16 жылдың жүзі болды қарттар мен мүгедектерге арналған қарттар үйі болып аталды. Мекеме 120 кісіге арналған.  Оларға барлығы 89 жұмысшы қызмет етеді. Оның ішінде 3 дәрігер, 9 медбикеміз бар. Бұнда арнайы сауықтыру, психолог кабинеті, шаштараз, кітапхана бар. Мемлекет қарауында болғандықтан қариялар үшін барлық жағдай жасалған.
Қарттар үйін бүгінгі күні 115 қария паналап отырса, олардың біреуі ҰОС ардагері. 
- Қариялардың 35-і - қазақ. Жыл санап қаракөздеріміздің саны көбейіп келе жатыр, - дейді Баян Ахметұлы. - Кім білсін, заман талабы осы болар. Кейде, тіпті, қарияларымыздың далада қаңғып, біреудің босағасында жүргенінен гөрі мемлекет қарауында болғаны дұрыс шығар деген ой да келеді. Бұл жерге әр түрлі жағдай, әр түрлі себептермен түсіп жататындар бар. Біреулері қартайған шағында түрмеден шығып, туыстары бас тартса, енді біреуі кезінде жасаған қателіктері үшін отбасынан айырылған, қаңғып кеткен, зейнетке шыққаннан кейін барар жер, басар тауы болмағандықтан қарттар үйін паналауға мәжбүр болады.

Қарттар үйіне зейнет жасқа шыққан қариялар мен жас шамасына қарамай 2-топ мүгедектері де қабылданады екен. 

- Орыс халқының балалары көбінесе шетелге кетіп қалады, ал ата-анасы жас шамаларына, денсаулық жағдайларына қарай, балаларымен еріп кетуге шамасы келмей осында қалады, - деп атап өтті 13 жылдық тәжірибесі бар басшы. - Ал жалғыз тұруға қауқары болмағандар осында келуге мәжбүр. Заңда көрсетілгендей, егер балалары шетелде болса, ата-анасына осында тұруға мүмкіндік бар.
«Қарттар үйі» десе, көбінің ойы сан-саққа жүгіріп, ондағы қариялардың жағдайы мәз емес, бәрібір бірдеңеге мұқтаж  болар деген түсінік қалыптасады. Бірақ Баян Ахметұлының айтуынша, қарттар үйіндегі жағдай мүлде бөлек.

-Тіпті, бұнда қарттарға үй жағдайынан да артық жағдай жасалған десек өтірік емес. Күнделікті таңертең қариялар ұйқысынан тұра салысымен оларды міндетті түрде дәрігер, одан кейін әлеуметтік қызметкерлер қарайды. Сонымен қатар, 4 уақыт тамақтанады. Күнделікті ас мәзірлері де қайталанбайтын, сан алуан. Қант диабетіне шалдыққан адамдарға бөлек ас мәзірі дайындалып, олар үшін бөлек дастархан жайылады. 

Қариялар бос уақыттарында өз сүйкіті істерін ермек етеді. Ол үшін мекемеде арнайы үйірмелер де ашылған. Бірі ән айтса, бірі тоқыма тоқиды, ал енді бірі шағын шеберханада техника жөндеп, етік жамап, киім тігеді. 

Қарттар үйінде тұратын  Лидия Астафьева 80 жасына қарамастан сурет салуды жақсы көреді және әңгіме, өлең жазады, ән айтады. 

- Қарттар үйінде тұрып жатқаныма бес жыл болды. Жас кезімде Ресейде тұрдым, ата-анам Қазақстанда болғандықтан олар дүниеден озар шағында  осында көшіп келуге мәжбүр болдым. Өмірімнің барлығын ғылымға арнап, отбасын да құрмадым. Қартайғанда қарттар үйін паналаймын деп ойладым ба? - деп күрсінеді кезінде Ресейден Солтүстік полюске жасалған үлкен экспедицияның мүшесі  болған Лидия  Витальевна.

Бір қызығы, қарттар үйінде тағдырлары тоғысып, бас қосқан жандар көп. Солардың бірі - Сәкен Дәулетбеков пен Гүлбаршын апа. Отасқандарына 7-8 жылдың шамасы болған.

- Қарттар үйіне 2009 жылы келдім, - дейді Сәкен ата. - Мен келген уақытта апаларың осында тұрып жатқан еді. Танысып-білісе келе, бас қосуға бел будық. Құдайға шүкір, бала-шағам бар, үй тар болғандықтан осы жерде тұруды өзім жөн көрдім. Бірақ туыстарымыз бен балаларымыз келіп, қал-жағдайымызды біліп тұрады.

Үкіметтің қамқорлығының арқасында көнекөз қарияларымыз бүгінгі күндеріне шүкір етіп, Елбасына алғыс айтудан жалыққан емес. Мұндағы қариялар штеңеге зәру емес, тек шеттен келген жандардың аман-саулық сұрасып, қал-жағдайын сұрауы олардың көңілін бір марқайтып тастайды. 

- 29 қыркүйекте облыс әкімі Даниал Ахметов Қарттар күніне орай келіп, қарияларды құттықтауды жоспарлауда. Бұл мерекені атап өту үшін концерттік бағдарламалар дайындап жатырмыз, - дейді қарттар үйінің директоры Баян Ахметұлы. - Жуықта Глубокое ауданының әкімі «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында концерттік бағдарлама ұйымдастырып, сый-сияпаттарын беріп кетті. Қарттар күні жақындап келе жатқаннан кейін басқа мекемелер де өз сыйлықтарымен, концерттік бағдарламаларымен келе бастайды. Мен қарттардың жағдайын тек осы күні ғана ойламау керек деп ойлаймын. Қазақ халқында қарттарды асыл қазынаға теңеп, құрмет көрсетеді. Сондықтан олар әрқашан да назардан тыс қалмауы керек. 

«Қарттарыңды сыйлай біл: күндердің күні болғанда кімдердің белі бүгілмес» деген екен Бұқар жырау.   Сарқылмас ақыл-парасат пен таусылмас мол өнеге-өсиеттің шырағы - ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз ешқашан ел құрметінен тыс қалмайды деген сенімдеміз. Қилы тағдырлар көшін басынап өткеріп, тұла бойы шежіре мен тарихқа тұнған дана қарттарымыздың қатары азаймасын! 
Следующая →