Шығыс өңірінде автобустар жаңартылмақ
Биыл Өскемен және Семей қалаларындағы қоғамдық көліктерді жаңарту мақсатында 200 автобус сатып алынбақ
Өскемен қаласына 115 қоғамдық көлік табыс етілсе, Семей қаласына 85 қоғамдық көлік берілмек.
Облысымызда қоғамдық көліктердің көпшілігі ескі. Қазіргі уақытта ауданаралық бағытта қатынайтын 558 автобус болса, оның 312-сі ескірген. Бұл көліктер 12 жылдан астам уақыт қызмет еткен. Ал қатынағанына 3 жыл толған жаңа көліктердің саны небары - 56. Сонымен қатар, 7-12 жыл қатынаған 90 көлік, 3-7 жыл аралығында қызмет еткен 100 көлік құралы бар. Сондай-ақ, облысаралық қатынастағы 189 автобустың 147-сі тозған.
- Биыл Өскемен мен Семей қаласы әкімдіктері қоғамдық көліктерді жаңарту мақсатында Еуропалық қайта құру және даму банкімен үшжақты алдын-ала келісімге қол қойды. Келісім құны 9,6 млрд теңгені құрайды, - дейді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев.
Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, аталмыш келісімшарттың негізінде екі қалаға бірдей 200 қоғамдық көлік құралы сатып алынбақ.
- Қазіргі уақытта автопарк көліктерінің техникалық негіздемелері жасалып жатыр, - дейді Мұрат Мұсатаев.
Жаңа қоғамдық көліктердің сатып алынатындығын бұған дейін облыс әкімі де айтқан болатын. Аймақ басшысының сөзінше, жаңа автобустар жолаушылар тасымалымен сапалы айналысқан компанияларға берілмек.
Авторы: Қымбат Слямбеков