Жалақы мен шығын сәйкестігі қандай?
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті шығысқазақстандықтардың табысы мен шығыны туралы көрсеткіш шығарды
Облыстың үй шаруашылықтарына жасалған іріктемелі зерттеу деректері бойынша, 2017 жылғы бірінші тоқсанының бір айына шаққанда орташа статистикалық шығысқазақстандық жанұя бюджетінің жиынтық ақшалай табысы - 137 780 теңгені құрады.
Соның ішінде табыстың 66,9 пайызы еңбек қызметінен келеді. Ал 27,4 пайызы әлеуметтік трансферттер, 4,3 пайызы туған-туыстардың, таныстардың материалдық көмегі және алименті. 1,4 пайызы өзге де ақшалай түсімдер, меншіктен түскен табыс және өзге де қаражат көздерін құрады.
Ал 2017 жылғы бірінші тоқсандағы бір айына орташа алғанда жанұяның жиынтық ақшалай шығыны 139 752 теңге мөлшерінде қалыптасты.
Айта кету керек, мамандар қазақстандықтардың соңғы кездері қаражаттарының басым бөлігін азық-түлікке жұмсайтындығы туралы тұжырым жасаған болатын. Статистика комитеті көрсеткен деректер мұны тек растай түседі. Яғни, жоғарыда аталған соманың ішінде 90,8 пайызы тұтынушылар шығынына, азық-түлік тауарлары мен азық-түлік емес тауарларын сатып алу, ақылы қызметтерге, туған-туыстарға, таныстарға материалдық көмекке жұмсалады. Алиментке 2,9 пайыз, несиені және қарызды өтеуге 6,1 пайыз, жергілікті салықтарға және өзге де төлемдерге 0,2 пайыздан келді.
Тоқсан ішінде ай сайын жанұялық бюджеттен азық-түлік өнімдеріне 65 696 теңге бөлінді, азық-түлік емес тауарларды сатып алуға 32 839 теңгеден, әртүрлі қызметтерге төлемдер 28 305 теңгеден жұмсалды.
Авторы: Айдос Мырзахметов