Саяжай тұрғындары жарықсыз, сусыз отыр
Облыс орталығындағы бағбандық серіктестіктердің бірінде ШҚО Қоғамдық кеңесінің өкілдері мен қала әкімдігінен құрылған комиссия болып қайтты
Өскеменде кейбір саяжай тұрғындарында жарық пен су мәселелері жиі көтеріліп тұрады. Осындай бағбандық «Звездный» серіктестігінде электрэнергиясы жиі өшіп қала береді, ал оның құны өте жоғары. Тұрғындар сол сияқты сумен қамту, жол сапасына да шағымданады. Қыста жолдағы қарға тазаланбаса, көктемде және күзде жолдағы балшықтан тіптен жүру мүмкін емес.
Бұл мәселелерді шешуге «Звездныйға» қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, ішкі саясат бөлімі, «Өскемен тазалық» ЖШС коммуналды кәсіпорны, «Шығысэнерготрейд» ЖШС ұйымы, ШҚО Қоғамдық кеңес өкілдері барып қайтты.
- Өкінішке орай бағбандық серіктестіктерімен мұндай мәселелер тек Өскеменде емес, бүкіл республика көлемінде кездеседі, - дейді ШҚО Қоғамдық кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Олег Чернышов. - Адамдар мұнда көшіп келеді, жергілікті мекенге тіркеледі, ал бұл жерде қалалық өркениет қалыптаспаған. Алайда, Конституция бойынша олардың жақсы жағдайларға толық құқығы бар. Бірақ «Бағбандық серіктестік туралы» заң болмағандықтан мәселенің шешімі қиын.
Бағбандардың мәселелерін республикалық деңгейде шешу үшін қоғамдық кеңес мүшелері «Бағбандық серіктестік туралы» заң жобасын Парламентке ұсынбақ. Ал оған дейін «Звездный» бағбандық серіктестігінің мәселелерін шешуге жұмыс тобын құру туралы пікірге келісті. Бұл жұмыс тобына ШҚО Қоғамдық кеңес, Өскемен қалалық әкімдік өкілдері мен аталмыш серіктестік тұрғындары кіретін болады.
Авторы: Айдос Мырзахметов