ЭКСПО-ға келгендердің саны миллионға жетті
Халықаралық көрмеге келген миллионыншы тіркелуші Астана қаласының 27 жасар математика пәнінің мұғалімі Гүлжиһан Жаңабергенова болған
Бұл жайында expo2017astana.com сайты хабарлады.
Гүлжиһан Көрмеге жалғыз келмей, жолдасы мен үш жасар қызын ертіп келген екен.
-Мен №76 мектеп-лицейінде мұғалім болып қызмет етемін. Мұнда екінші рет келіп тұрмын, бірақ ол кезде біздің «Нұр Әлем» павильона кіре алмаған едім. Сондықтан, бұл жолы, бірінші кезекте, біз өз еліміздің павильонына ат басын бұрмақпыз. Шынымды айтсам, осындай қуанышты жағдайға тап боламын деп ойламадым, тіпті ЭКСПО-ға келген адамдар саны тіркеліп отыратынын да білмеппін, - деді Гүлжихан Жаңабергенова.
Сондай-ақ, айы оңынан туған мейманды құттықтау үшін Көрменің медиа-орталығына «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов те келді. Ұлттық компанияның басшысы миллионыншы келушімен жүздесіп, оған естелік сыйлықтар мен Көрмеге және Цирк дю Солей қойылымына арналған билеттерді тарту етті. Ахметжан Есімов өз құттықтау сөзінде халықтың Көрмеге деген қызығушылығы күн санап артып келе жатқанын тағы бір мәрте атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Көрменің тіркеу құжаттамасында ЭКСПО-2017-ге 2 миллион адам келеді және көрме нысандарында жалпы саны 5 миллионға жуық келуші тіркеледі деп жоспарланған еді. Ал, халықаралық павильондарды аралаған келушілердің санын қоссақ, 10 шілдедегі көрсеткішке сәйкес, 5 960 212 адам тіркелген. Көрме кешеніндегі негізгі нысандарға жұртшылық 834 579 рет келген. Бұл ретте 303 007 адам тамашалаған «Нұр Әлем» павильоны көш бастап тұр. Есептеп көрсек, барлық келушілердің шамамен130 мыңы немесе 14 пайызы шетелдік қонақтар.