Астанада түнгі уақытта тыныштықты бұзумен күрес бойынша рейд жүргізілді
Тұрғындар тарапынан түнгі уақытта құрылыс жұмыстары жүргізілетіндігі жөнінде шағымдардың көбеюіне байланысты елорда әкімдігі Астана қаласының ІІД-мен бірлесіп рейд жүргізді
Соңғы уақытта «тұрғындардың тыныштығын бұзу(құрылыс жұмыстары жүргізілуде)» бағытына ерекше назар аударылуда. Қала әкімінің тапсырмасынан кейін соңғы екі тәулікте сағат 23:00-ден 07:00-ге дейін 34 өтініш қабылданды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Қоңыраулар «109 кезекшілік қызметі» ММ түседі. Қабылданған ақпаратты сараптау тәртібі: өтініш, өтініш білдірушінің мекен жайы, жеке мәліметтері, одан кейін құрылыс насанынның орналасуы туралы ақпарат «102» пультіне, құрылыс басқармасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауына және аудандық әкімдіктерге (ауданға байланысты) жіберіледі. Жұмыс мерзімі – өтінішті 2 сағат ішінде қарау. Өз кезегінде «109 кезекшілік қызметі» мәліметтерді 300 бағыт бойынша жүргізеді. Сонымен қатар, өтініш білдірушілер өз шағымдарын Smart Astana қосымшасы, сондай-ақ «109 кезекшілік қызметінің» әлеуметтік желілердегі «Фейсбук», «Инстаграм», «Твитер» ресми парақшалары арқылы бағыттай алады.
Сенбіден жексенбіге қараған түні 23:00-де «Комфорт таун» ТК тұрғынынан қоңырау келіп түсті. Шағымданушы 38 («Саранда» ТК) ауданында құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын және құрылыстың дыбысы жақын маңдағы кешен тұрғындарының түн тыныштығын бұзатындығын жеткізді.
-Мен «Комфорт таун» ТК, 3 кезек, 25 көшесі, 38 үй мекен-жайында тұрамын. Осы нысан маңында үнемі құрылыс жұмыстары жүргізіледі, ұйқымызды бұзады. Менің өзім 5-6 рет полиция шақырдым, - дейді тұрғын.
Бұл жерге Астана қаласы Есіл ауданының ІІД қызметкерлері жедел жеткен. Тұрғындардың титығына тиген нысан 39 көшесіндегі «Nova City»ТК орналасқан.Құрылысты «Luxor.kz Company» ЖШС жүргізуде. Шақыртудан кейін мердігер компания өкілі сол уақытта құрылыс басында бетон қабылдау жүргізілгенін, ал қатты дыбыс шығатындай өзге жұмыстар жүргізілмегені туралы түсініктеме берді. Ары қарай аталған ЖШС басшысы атына Есіл ауданының ІІД бөлімшесіне кәсіпкерліктің түрін анықтау үшін барлық қажетті құжаттармен келу туралы шақырту берілді.
-Жаз мезгілінде құрылыс нысандары бойынша өте көптеген өтініш-шағымдар келіп түседі. Егер құқық бұзушылық анықталса, онда біз ӘҚК-нің 437 бабына сәйкес сол жерде әкімшілік хаттама толтырамыз. Мұндай құқық бұзушылық үшін жеке тұлғаларға-5 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне-10 АЕК, орта кәсіпкерлік үшін -15 АЕК, ірі кәсіпкерлікке-50 АЕК айыппұл қарастырылған, - дейді участкелік инспектор, полиция аға лейтенанты Мадияр Дүйсепбеков. Кәсіпкерлік түрі анықталған соң айыппұл салуға әкімшілік хаттама толтырылады. Жеке тұлғалар үшін хаттама оқиға орын алған жерде жазылады. Кінәлі тарап келіспеген жағдайда 10 күн ішінде бұл шешімге сотта шағымдануға құқығы бар. Егер нақты 1 нысанға үнемі шағымдар келіп түсетін болса, бұзушыға қатысты ұсыныс әкімдікке жіберіледі.