Бала еңбегін заңсыз пайдаланған
ШҚО Білім басқармасы бала еңбегін қанауға қарсы жүргізілетін жыл сайынғы тексеріс жұмыстарын бастады
Биылғы акция «Уайымсыз балалық шаққа жымиып қараңыз» деп аталады.
Облыстық Білім басқармасы, Ішкі істер департаменті, Ішкі саясат басқармасы, Еңбек және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының қызметкерлерінен құралған комиссия облыстағы жұмыс орындарын тексеріп, заңсыз жұмыс істеп жүрген балаларды анықтап, жұмыс берушілер жазаланатын болады.
Отбасы мен балалықты қорғау орталығының мәліметі бойынша, жұма күнгі тексеріс барысында бала еңбегін пайдаланған бір өрескел заң бұзушылық табылған. Яғни, жұмыс беруші баламен еңбек келісімшартын жасамаған.
- Қазіргі уақытта іс ішкі істер органдарының қарауына берілді, - дейді орталық директоры Лилия Куземко.
Орталық директорының айтуынша, былтырғы тексеріс барысында ешқандай заңбұзушылық табылмаған. Ал биылғы тексерістің алғашқы күнінде бір заңбұзушылық анықталды. Заң бойынша жұмыс беруші баланың құқықтарына сәйкес еңбек шартын жасауы қажет.
- 14-16 жасар балалар аптасына 24 сағат қана жұмыс жасауы тиіс. Ал 16-18 жасар жасөспірімдер 36 сағат жұмыс жасауға рұқсат, - дейді ШҚО ІІД Жергілікті полиция қызметкері, аға лейтенант Әйгерім Бейсембаева.
Одан бөлек, жұмысшылар балаларға ауыс жұмыстар ұсынбауы қажет. «Отбасы мен балалықты қорғау» орталығының мәліметінше, кәмелеттік жасқа толмаған балалар промоутер, жарнама тарату, парк аттракциондарында нұсқаушы болу, сим-карта сату сияқты жұмыстарды істеуі керек.
Аталмыш науқан 12 күнге созылады деп жоспарланып отыр.
Сымбат Исламбек