Шетелдерде оқып жүр қанша Шығыс баласы?
Қазақстан жастарының өзге мемлекетке білім алу, тәжірибе жинау, дүниетанымдарын кеңейту үшін аттануы құптарлық іс
Шетелде оқу - кез келген түлектің, студенттің арманы.
Өзге елдің тәжірибесін тұтына отырып өз еліңе еңбегіңді сіңірсең, әрине, игі іс болмақ. Дегенмен, шетелге оқуға кеткен көп қазақстандықтың бір бөлігі кері оралмайтыны да белгілі. Қазақстанның өзге аймақтарымен салыстырғанда Шығыс Қазақстаннан шетелге оқуға кететіндердің қарасы көп көрінеді.
- Шығыс Қазақстан облысынан жыл сайын 900-ден астам мектеп түлегі шетелде білім алуға аттанады, - дейді ШҚО Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сайрагүл Жұмаділова.
Облысымызда жыл сайын 8500-9000 оқушы мектеп бітіреді. Яғни, жыл сайын мектеп бітірушілердің 10%-ы шетелдік ЖОО-ға оқуға түседі.
Аудандық және қалалық білім бөлімдерінің мәліметтері бойынша 2010-2017 жылдар аралығында 5000-нан астам түлек шетелдік жоғары оқу орындарына оқуға түскен. Олардың көбі экономика және техникалық мамандықтарды таңдаған.
Шетелде білім алуға аттанған шығысқазақстандық түлектердің көбі Ресей Федерациясының университеттеріне оқуға түскен. Облысымыздың Ішкі саясат басқармасы да Шығыс өңірі түлектерінің шетелге, оның ішінде Ресейде білім алуға жиі кететіндігін растап отыр.
- Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2016 жылы облысымыздың 1500 мектеп түлегі Ресей Федерациясының оқу орындарына құжаттарын тапсырып, оның 933-і оқуға түскен, - дейді ШҚО Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Серік Жеңісов.
Бұл мәселеге қатысты Білім басқармасы да өз пікірін білдірді.
- Шетелде білім алғысы келетін Шығыс Қазақстан облысының түлектері, көбінесе, Ресей Федерациясының оқу орындарында білім алуды таңдайды. Соңғы үш жылда Ресей оқу орындарында 2803 шығысқазақстандық білім алса, Қытай мен Еуропа елдерінде 169-ы ғана білім алған, - дейді Сайрангүл Жұмаділова.
Ал 2017 жылы 9077 түлек мектеп бітіруді жоспарлап отыр. Оның 8966 оқушысы қорытынды аттестация алуға ниетті. Білім басқармасының алдын-ала болжам деректеріне сүйенсек, биылғы жылы мектеп бітіргелі отырған түлектердің 26%-ға жуығы Ресейде білім алуға ниет білдіріп отырған көрінеді. Ресей университеттеріне түскісі келетін түлектердің барлығы да орыс тілінде білім беретін мектептердің оқушылары. Риддер қаласының орыс тілінде білім беретін мектеп түлектерінің 43%-ы, Шемонаиха ауданының 40%-ы, Зырян ауданының 53,7%-ы, Өскемен қаласының 36,7%-ы, Семей қаласының 23,6%-ы Ресей ЖОО-ға түсуге көңіл білдіріп отыр.
Облыс түлектері Ресейдің Томск, Омск, Новосибирск және Барнаул қалаларында білім алғысы келеді екен.
Еліміздің түлектері мен студенттеріне беріліп отырған шетелде оқудың тағы бір мүмкіндігі – бұл «Болашақ» бағдарламасы. Қазіргі уақытта «Болашақ» бағдарламасы байқауына тек магистратура мамандықтарын алуға ниетті білімпаздар ғана қатыса алады. Одан бөлек, аталмыш бағдарламамен білім алған қазақстандықтар міндетті түрде еліне оралуы керек.
«Болашақ» бағдарламасымен Шығыс Қазақстан облысынан осы күнге дейін барлығы 178 адам оқыған. Ал қазіргі уақытта облысымыздың 61 тумасы 15 жетекші шет мемлекетте білім алуда. Оның ішінде АҚШ, Канада, РФ, Литва, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Нидерланды, Австрия, Германия, Франция мемлекеттері бар.
- Бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасымен оқуын тәмамдап келген облысымыздың 44 тумасы Шығыс Қазақстанда еңбек етуде, - дейді Серік Жеңісов.
Қанша дегенмен, отандық ЖОО-ны емес, шетелдік оқу орындарын таңдап отырған түлектердің саны азаяр емес. Кетіп жатқандардың көпшілігі Ресей елінде қалуды жоспарлап отырған азаматтар екендігі белгілі.
Қымбат Слямбеков