Семей ауруханасының жарық мәселесі шешілді
«100 аурухана - 100 мектеп» бағдарламасы аясында салынған 50 мың шаршы метрлік қалалықЖедел жәрдем ауруханасының құрылысы аяқталғалы 3 жылдан асты
325 төсектік орынға арналған көпбейінді аурухана жоғары тәжірибелі стационарлы медициналық көмек көрсетуге арналған. Қазір бұл аурухананың небары 12 мың шаршы метрі қолданыста.
Осыған дейін аурухана кешенінің жылу мәселесі көтерілген болатын. Қазіргі таңда аурухана тегіс электрқуатымен қамтамасыз етілмегендіктен толықтай қолданысқа берілмей тұр. Яғни, қазіргі таңда ауадай қажет болып тұрған хирургия, реанимация бөлімдері қаңырап бос тұр деуге болады.
Облыс әкімі Даниал Ахметов Семей қаласына барған сапарында қала басшылығының назарынан тыс қалған мәселелерге назар аударды және бұл әрекеттерге наразылық білдірді.
- 50 мың шаршы метрлік аурухана. Әрине, кең және барлығы өте әдемі. Алайда, ешкімге пайдасы тимесе мұның қажеттілігі не? - деді Даниал Кенжетайұлы мекеменің бас дәрігеріне.
Айта кету, керек Семей қаласында «ШҚ ӨЭК» АҚ жарықтандыру саласымен айналысатын өзге компания жоқ. Бұл компания қазір жекешелендіру барысында болғандықтан мекемені электрқуатымен қамтамасыз етуге қабылдай алмайды.
- Шығыс Қазақстан өңірлік энергетикалық компаниясы жекешелендіру туралы қаулысы бойынша, электр қуаты нысандарын қабылдай алмайды, - дейді «ШҚ ӨЭК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Киркинбаев. - «Мүлік туралы» және «Табиғи монополиялар туралы» заңнамалық актілерге енгізіліп жатқан өзгерістерге байланысты, коммуналдық меншіктегі нысандардың қандай жағдайларда өтетіні есепке алынған.
Нысан үш жыл бұрын қолданысқа берілген. Жекешелендіруді бекіту сұрағы да нысан салынып біткен кезде, яғни, үш жыл бұрын көтерілгендіктен ШҚ ӨЭК-ге нысанды аурухана басшылығы өткізе алмауда.
- 3 жыл бойы науқастар аурухана кешенінде емделуге мүмкіндік ала алмай келеді, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов аурухана басшылығына. - Ал «ШҚ ӨЭК» АҚ-ның толық жекешелендіру мерзімі белгісіз. Бұл қашанға дейін созыла бермек?
Қазір аурухана кешені қосалқы станция арқылы қуатпен қамтамасыз етіліп отыр. Бірақ, жоғарыда аталған хирургиялық блоктар қосылмаған. Аурухананың бас дәрігері Қайнолла Мусин осыған дейінгі апаттық жағдайларды есепке ала отырып, қуат көзінің аталмыш сызба бойынша қамтамасыз етілуі қауіпсіз екенін алға тартты.
- Бұл қуат көзі кей кезде өшіп қала беретін. Бұл бізге белгілі жайт. Осыған дейін орын алған аппаттық жағдайларға байланысты жарық сөндіріліп, реанимациялық, хирургиялық бөлімдер қуатсыз қалғанда жағдай қиындай түскен, - дейді Қайнолла Ролланұлы. - Аталған үш бөлім тегіс бір кешен болып саналады. Бірін қалдырып, бірін көшіруге болмайды.
Аталған апаттық жағдайлар осыдан екі жыл бұрын, яғни, 2015 жылы орын алған.
- «ШҚ ӨЭК» АҚ қазір ақылы түрде қосалқы станциямен қызмет көрсетіп келеді. Қазір аурухананы сенімді сызбаға қосу негізі байқалмайды. Алайда қосалқы станцияны жөндеу жұмыстары 3 жыл қатарынан жүріп келеді және қолданысқа беріледі, - дейді Ерлан Киркинбаев. - Компания тұрақты түрде ақылы электр қуатымен қамтамасыз етуге дайын. Қазір 4 трансформаторлы қосалқы станция бар. Ол 2015 жылы қолданысқа берілгеннен кейін кабельді желі бұзылды. 2015-2016 жылдары біз барлық мәселелерді ретке келтірдік. Бүгінгі таңда бұл сұрақтарды жұмыс деңгейінде талқылап, ақылы түрде электр қуатымен қамтамасыз етуге дайынбыз. Бізде бұл жұмысты жүргізуге лайықты лицензиялар бар.
3 жыл қатарынан хирургия блогы бос тұрған аурухана кешенінде мұнымен қоса ангриограф маманы жоқтың қасы.
- Алғашқы сәтінде жылу мәселесі көтерілді. Ол шешімін тапты. Енді электр қуаты мәселесі шығып отыр. Ол да шешімін тапқан сыңайлы. Қазір анықтағанымдай дәрігер тапшылығы да бар көрінеді, - деді Даниал Ахметов. - Бұл сұрақты қараймыз. Денсаулық сақтау департаменті нақты сараптама жүргізіп, бұл аурухананың менеджмент мәселесін қарайды. Осыдан кейін барып, нақты шешімдер қабылдаймыз.
Бұл нысандарды қолданысқа беру туралы келісімшартқа қол қойылғаннан кейін, энергетикалық бөлім кепілдік үшін жүз пайыздық жауапкершілік алады. Даниал Кенжетайұлы мұндай кепілдіктер осыған дейін де берілгендіктен, барлығы тек қалалық басқарманың әрекетсіздігі екенін ескертті.
Айдос Мырзахметов