Тәртіп сақшылары саптық байқау ұйымдастырды
Сәуір айының 20 күні қаламыздағы «Алтай» стадионында Өскемендік полицияның дәстүрлі түрде болатын саптық байқауы болып өтті
Киім кию адамның сыртқы дүниесіне ғана байланысты мәселе емес, оның ішкі дүниесінен хабар беріп тұратыны анық. Ал, погон тағылған нысанды киім киіп жүру құқығы бар жанның жауапкершілігі ерекше. Қазіргі қоғамда қарапайым халықтан тыныштық сақшысын ерекшелеп тұратын иығындағы погоны, басындағы фуражкасы, кеудесіне таққан төсбелгісі, тағы басқалар.
Сәуір айының 20 күні қаламыздағы «Алтай» стадионында Өскемендік полицияның дәстүрлі түрде болатын саптық байқауы болып өтті. Байқау полицейлер киімінің жаздық үлгіге ауысуымен байланысты, сондай-ақ саптық жүрудің деңгейі, бөлімдер мен бөлімшелер қызметкерлерінің жинақылығы мен сыртқы түр-келбеті, қызметтік куәлік пен жеке жетон нөмірлерінің сәйкестілігі және қызмет атқару барысында қажет етілетін заттардың болуын тексеру барысында ұйымдастырылды. Салтанатты сапты Өскемен қаласы ІІБ бастығы полиция полковнигі Даур Ибраев қабылдап, сап түзеген сақшылар Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінің арнайы оркестрінің сүйемелдеуімен еліміздің әнұранын шырқады. Полиция полковнигі Даур Ибраев жеке құрамды қызметтік міндеттерін абыроймен атқаруға, қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыспен күресте, азаматтардың құқын қорғауға барынша күш салуға шақырды.
- Саптық байқау әскери қызметшілердің саптық машығы мен саптық жарғы ережелерін меңгеруін тексеру мақсатында жүргізіледі. Саптық байқауда, сондай-ақ, құқық қорғау органы қызметкерлерінің сыртқы түрі, мен маусымдық жабдықталу жағдайы тексеріледі. Бүгінгі өткізіліп отырған салтанатты шарамыз Өскемен қ. ІІБ жеке құрамының жаздық киім үлгісіне өтуімен қатар қызметтерін ары қарай өтеуге тас-түйін дайын екендіктерін дәлелдеді,-деді атаулы шараның бас-қасында болған басқарма бастығының орынбасары полиция подполковнигі Ержан Бұланбаев.
Қызметкерлер өздерінің жүріс-тұрысымен, киім киісімен сақшыға лайық мәртебеге сай екендігін көрсетті. Байқаудың соңы тыныштық сақшыларының қаз-қатар тізілген саптық шеруімен жалғасын тапты.