Жауапсыз мердігер - жауапқа тартылды
Семей ядролық медицина орталығының құрылысын тежеп тұрған бас мердігер «ИртышГЭСстрой» ЖШС директоры Александр Изотов 8 жылға бас бостандығынан айырылды
Газетіміздің №14 шығарылымында Семейдегі ядролық медицина орталығында орын алған техникалық келеңсіздіктердің салдарынан ауыр онкологиялық аурулармен ауыратын науқастардың емдеу шаралары әлі басталмағанын және бұл мәселені денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой өз қадағалауына алғанын жазған едік.
Семейдегі ядролық медицина орталығы құрылысының тоқтап қалуының басты себебі - бекітілген жобаға сәйкес сұйық радиоактивті қалдықтарды жинақтайтын жүйенің орнатылмауында. 2012 жылы басталған медицина орталығының құрылысы 2013 жылы аяқталып қою керек болатын. Екі жылға созылған сот отырыстарында арнайы комиссиялардың «құрылғыны ауыстыру керек» деген шешімі қолдау таппай келген мәселе түйініне жетіп, медициналық орталықтың бас мердігері «ИртышГЭСстрой» ЖШС директоры Александр Изотов, оның есепшісі Наталья Афанасьева және ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы құрылыс бөлімінің басшысы Қанат Мұқан жауапқа тартылды.
- Сот залында Ядролық медицина орталығының құрылысы барысында олар 513 842 068 теңгені заңсыз иемденгені белгілі болды. Қаржы айла-амалдарының арқасында бас мердігер «ИртышГЭСстрой» ЖШС компаниясы ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы құрылыс бөлімінің көмегімен іске қосу және жөндеу жұмыстарына деп екі рет қаржы аударымдарын жасаған. Бірақ ақиқатында ешқандай жұмыстар жүргізілмеген. Сотталушылар өз кінәларын мойындамады. Алайда сотталушылардың кінәлары сотта зерттелген дәлелдермен расталып отыр. Өйткені барлық айғақтар бір-бірімен байланысып отыр, ал сот оларға көз жұма қарай алмайды, - деп хабарлады №2 сотта.
Сот шешімі бойынша «ИртышГЭСстрой» ЖШС компаниясының басшысына 8,5 жылға жалпы режимді колонияда жазасын өтеу, коммерциялық мекемелерде басшы лауазымын 10 жылға басқарудан айыру және 5,5 млн теңге айыппұл өтеу жазасы жазылды. Оның есепшісі де 8 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленіп, 10 жыл көлемінде қаржы-экономикалық салада басқарушы лауазымды атқару мүмкіндігінен айырылды. Сондай-ақ, ол 5,5 млн теңге айыппұл өтеуге міндетті. Ал ШҚО Құрылыс басқармасының маманының мүлкі тәркіленіп, өмір бақи мемлекеттік лауазымда қызмет ету мүмкіндігінен және 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, айыптылар заңсыз иемденген 513,8 млн теңгені өз ниеттерімен қайтарулары қажет.
Естеріңізге сала кетейік, Семейдегі радиологиялық орталықтың радиоизотопты диагностика және терапия бөлімшесі іске қосылса, мұнда жыл сайын обыр ауруына шалдыққан 600 адам емделіп, 3 мыңнан астам адам тексеруден өте алады.
Ерке Биғазина