Оқушыларға артылған жүк жеңілдей түспек
Оқушылар енді мектепке кітап салынған ауыр сөмке арқалап бармайтын болады
Кемінде сөмкесіне бес кітап салып, онымен қоса дене шынықтыру сабағының формасын алып жүру мектеп оқушысы үшін физикалық тұрғыдан ауыр салмақ түсіретіні айтпаса да белгілі. Алайда ҚР Білім және ғылым министрлігі балалардың арқасына артылған бұл жүкті қалай жеңілдету керектігін қарастыруда. Жақында елдегі мектептердің барлығында оқушылардың кітаптарын, спорттық формасын сақтауға болатын арнайы шкафтар қойылмақ.
- Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Аталмыш жоба мектеп директорлары, СЭС, өрт сөндіру органдарымен ұзақ талқыланды. Мектептерге шкафтар қою көптеген мәселенің шешімі болмақ. Әр оқушының өзінің жеке сөресі болуы қажет, - деп атап өтті ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.
Яғни, егер шкафтар қойылатын болса, оқушылар кітаптарды тасып, әбігерге түспейді. Тек қана үй тапсырмасы берілген пәндерді ғана алып кетуге болады. Ал үйге берілетін тапсырма көлемі де азайтылады деп күтілуде. Министрліктегілер оқушыларға үй тапсырмасын көп бермей, тіпті оны орындауға 40 минуттай уақыт кетуі керек деген ұсыныс жасады.
Назерке Кәрімова