Қазақстан «Алаштың» 100 жылдығын тойлауға дайындалуда
Иманғали Тасмағамбетов Алаш Ордасы қайраткерлерінің шығармашылықтарын «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына орай зерттеу мақсатында кеңес өткізді
Бұл ретте, Алаш қозғалысының тәуелсіздік мұраттары үшін күрестегі рөлі мен маңызын, оның көшбасшыларының саяси-құқықтық, ұлттық құндылықтарға қатысты көзқарастарын, тұжырымдарын жаңа заманның талаптарына сай зерделеу өте маңызды, деп жазады примьер-министр сайты.
«ХХ ғасырдың басында ұлттың зиялылары азаттық үшін болған көп ғасырлық күресте маңызды рөл атқарды. «Алаш» алғашқы саяси партиясы және Алаш Орда үкіметінің пайда болуы азаматтық кемелденген және халықтың болашақ тағдырын шеше алатын қазақтың саяси зиялыларының жоғарғы әлеуетін көрсетті», - деп атап өтті И. Тасмағамбетов.
Бұл орайда, вице-премьер еліміздегі Алаштанушы тарихшылар мен әдебиетшілер, отандық кино және телевизия саласының мамандарымен бірлесе отырып, тың бастамаларды – кітап шығару, кино түсіру мәселесін қолға алу қажеттігіне тоқталды.
«Алаштың 100 жылдығына дұрыстап дайындалуымыз керек. Қазір ең бастысы, жақсы жоспар құруымыз қажет. Оған бір-екі аптадай уақыт алып, дұрыс жоспар құрып, оны Елбасымен келісіп, уақытын белгілеген жөн. Алаштың 100 жылдығын сол заманмен қалдырып қоймай, бүгінгі тәуелсіз мемлекетпен байланыстыру орынды болады. Алаш зиялыларының арманы, оның орындалғаны, тәуелсіз ел болғанымыз, осының барлығы ұлттық және тарихи сананы көтеретін жақсы дүние болуы керек», - деді вице-премьер.
Сонымен қатар, кеңес барысында Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін мемлекеттік меншікке беріп, оның мәртебесін республикалық деңгейге көтеру, ғалымның ғылыми еңбектерінің 10 томдығын жарыққа шығару мәселесі қаралды.
Кеңес қорытындысы бойынша И. Тасмағамбетов ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне Алаш Орда үкіметінің құрылуы мен қалыптасуына атсалысқан ұлт зиялыларының өмірбаянын зерттеп, олар жөнінде көркем өмірбаяндық кітап шығаруды және Ахмет Байтұрсынов ғылыми еңбектерінің 10 томдығын басып шығаруды тапсырды.
Алдағы уақытта Ахмет Байтұрсынұлының музей үйінің ғимараты республикалық маңызы бар Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілетін болады.
ҚР Білім және ғылым министрлігіне музей-үйді мемлекеттік меншікке алу және оны А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты жанынан А. Байтұрсынұлы музей-үйі – ғылыми орталығы ретінде құру тапсырылды.
Еске сала кетейік, өткен аптада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары И. Тасмағамбетов Алматы қаласына іс-сапар аясында Ахмет Байтұрсынұлы мұражай үйінде болып, оның жұмысымен танысқан еді.