Тіркелмеген телефон бұғатталады
Енді IMEI-кодтар бірыңғай базасында тіркелмеген телефондардың барлығы бұғатталатын болады
«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына сәйкес телефондардың идентификациялық кодын (IMEI) міндетті түрде тіркеу бекітілді. Биылдан бастап Қазақстанда телефондардың идентификациялық кодының бірыңғай базасын жасау жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты ҚР ақпараттар және коммуникация министрлігі ұялы байланыс операторларымен кеңес өткізген.
- Ұялы байланыс операторлары IMEI-кодтардың бірыңғай базасын жасау жұмыстарын 2017 жылдың басынан бастап жүргізіп жатыр. Оған өткен жылы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданғандығы негіз болды, - деп хабарлады Kcell ұялы байланыс операторының баспасөз қызметі.
Яғни, енді осы қабылданған заңға сәйкес 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап ұялы байланыс операторлары тіркелмеген абоненттердің телефондарын бұғаттай бастайды.
Кодтарды тіркеу механизмі әлі де толық жасалып болған жоқ. Қазіргі таңда жүйенің оңтайлы әрі халыққа ыңғайлы болуын қамтамасыз ететін бірнеше сценариі қарастырылуда. Заң талаптарына сәйкес, жақын уақытта ұялы байланыс абоненттерінің телефондарын тіркеу тәртібі жасалатын болады. Осыдан кейін барып қана азаматтар өз қол телефондарын қалай тіркей алатындығы белгілі болады.