Ақмола облысында жоғалған қызды табу үшін Нұраның ағысы тежелмек
Ақмола облысында ұшты күйлі жоғалған қызды іздеу үшін Нұра өзені ағысының жылдамдығы азайтылуы мүмкін
Фото:
today.kz
Өйткені, Эллина Құлдинаны табуға тасқын кедергі келтіріп жатыр, деп хабарлайды «КТК телеарнасының сайты».
Қазір «Қазақ су шаруашылығы» мекемесіне сұрау салынып, шлюзды уақытша ашып, жиналған судың арнасын бұру мәселесі қаралуда. Ал, өзен маңында жоғалған 2 жасар Эллина қатарынан 6-шы күн іздестіріліп жатыр. Аяғынан тік тұрған құтқарушылардан бөлек, жүздеген ерікті өзен бойы мен жазық даланы тінтіп шыққанымен әзірге нәтиже жоқ. Айта кетейік, 2 жастағы Эллина Құлдина Елордадан 40 шақырым жердегі Қабанбай батыр ауылы маңында 6 тәулік бұрын жоғалған. Болжам бойынша, Нұра өзеніне әке-шешесімен демалуға барып, қараусыз қалған бейкүнә бөбек суға кетуі мүмкін.
Александр Ткаченко, ерікті:
-Эллина жоғалған күні осы өзенде балық аулап жүргем. Қатты шошып қалған әкесі жүгіріп келіп қызынан көз жазып қалғанын айтты. Содан бері қызды мен де іздеп жүрмін. Табылмайынша тоқтамаймыз.