Тоқаев Мирзиёевті "Алтын Қыран" орденімен марапаттады
Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президентіне Қазақстан Республикасының ең жоғарғы мемлекеттік наградасы – "Алтын Қыран" орденін табыс етті
Көрші елдің Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Іссапар барысында екі ел өкілдері келіссөздер өткізіп, келіссөз барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзит, инвестиция, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, мәдени-гуманитарлық және өнеркәсіп кооперациясы салаларындағы ықпалдастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді қарастырды.
Президенттер қазақ-өзбек қатынастары барлық бағыт бойынша өркендеп келе жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті "Алтын Қыран" орденімен марапаттады.
Мемлекет басшысы Қазақстанда Шавкат Мирзиёевті Өзбек елінің нағыз көшбасшысы, халықаралық деңгейдегі саясаткер, екі халық арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткері ретінде танитынын және құрметтейтінін айтты.
Егемен ел ретінде даму жылдарында екі мемлекет арасында жан-жақты серіктестік пен стратегиялық одақтастық жолға қойылды. Берік шарттық-құқықтық база қалыптасты. Шекараны толықтай шегендеп алдық. Өзара сенімді саяси диалогтың арқасында біз сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды қарқынды түрде ілгерілетіп келеміз. Негізгі халықаралық құрылымдар аясында тығыз ықпалдастық орнаттық. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі қазақ-өзбек қатынастары үлгі етуге тұрарлық әрі нағыз бауырластық деңгейде, – деді Президент.