Қазақстан Қазақстан Наталья Хижняк
Ақпарат көзі:
Устинка

Ақордада Қазақстан мен Беларусь президенттерінің кездесуі өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен шағын құрамда келіссөздер жүргізді

Келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконың елімізге ресми сапары Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара стратегиялық әріптестік пен экономикалық іс-қимылдардың дамуына соны серпін беретінін атап өтті, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

- Александр Григорьевич, Сіздің сапарыңыз біз үшін аса маңызды. Өйткені бұл біздің мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық пен қарым-қатынастардың шынайы достық сипатқа құрылғанын дәлелдейді. Сонымен қатар екі елдің іскерлік әріптестігіне, оның ішінде, экономикалық, гуманитарлық байланыстар мен халықаралық қарым-қатынастарға тың серпін береді, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Беларусь Республикасы тәуелсіздігінің негізін қалаған көрнекті мемлекет қайраткері Александр Лукашенкоға Қазақстанда шынайы құрметпен қарайтынын атап өтті.

Александр Лукашенко Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, екі ел арасында қалыптасқан тарихи достық байланыстарға назар аударды.

- Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасымыз өте жақсы екенін, экономикамыздың бірін-бірі толықтырып отыратынын және екі ел өзара жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтқым келеді. Біздің елімізде шығарылатын өнімдер Қазақстанға қажет. Ал біз қазақстандық өнімдерді сатып алуға дайынбыз, - деді Беларусь Президенті. 

Следующая →