Қазақстандағы сайлауға қатысты сауалнама жүргізген екі азаматқа айыппұл салынды
Бас прокуратура республика тұрғындарына әлеуметтік желіде сайлау бойынша сауалнама жүргізуге сайлау заңнамасында тыйым салынғандығын ескертеді
Бас прокуратура кезектен тыс президенттік сайлау кезінде заңдылықты сақтауға, соның ішінде Қазақстан Республикасының "Сайлау туралы" Конституциялық заңында көзделген қоғамдық сауалнама жүргізу шарттарының сақталуын ерекше бақылауда ұстайды, деп жазады Zakon.kz.
Әлеуметтік желіде осы тақырып аясында сауалнама жүргізу заң бұзу болып табылады. Әйтсе де, екі адам заң бұзып, әкімшілік жауапқа тартылып үлгерді.
Мәселен, "ВКонтакте" желісінде сауалнама жүргізген Алматы қаласының тұрғыны 15 АЕК айыппұл алды. Тағы бір Алматы облысының тұрғыны осындай сауалнаманы Facebook желісіне жариялап, ол да айппұл төлейтін болады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президентін кезектен тыс сайлау 9 маусым күні өтеді. Ал сайлауалды үгіт-насихат акциясы 11 мамырда басталып кеткен. Барлық жұмыстар 8 маусым күні 00.00-де тыйылуы керек.