Президенттікке кандидаттарды ұсыну аяқталды
Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенті лауазымына үміткерлерден өтініш қабылдауды тоқтатты
2019 жылдың 9 маусымына тағайындалған кезектен тыс президенттік сайлауға ұсынылған кандидаттардың есімі толықтай белгілі, деп жазады inform.kz сайты.
Қазіргі уақытта республиканың екінші Президенті лауазымын қолға алып, мемлекетімізді өркендету жолында аянбай еңбек етуге ниет танытып отырған 9 кандидат бар. Нақты айтқанда "Nur Otan" партиясы" қоғамдық бірлестігінен Қасым-Жомарт Тоқаев, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Төлеутай Рахымбеков, Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясынан Жамбыл Ахметбеков, "Ақ жол" демократиялық партиясы" қоғамдық бірлестігінен Дания Еспаева, "Ұлт тағдыры" республикалық қоғамдық бірлестігінен Әміржан Қосанов, "Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы" Республикалық кәсіподақтар бірлестігінен Амангелді Таспихов, "Қазақстан Құрылысшылар одағы" республикалық заңды тұлғалар бірлестігінен Талғат Ерғалиев, "Ұлы дала қырандары" республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігінен Сәді-Бек Түгел, "Халық демографиясы" қоғамдық бірлестігінен Жұматай Әлиев Орталық сайлау комиссиясына қажетті 7 құжат топтамасын толық тапсырған.
Бұл азаматтар кандидат ретінде тіркелу үшін алдымен өзін қолдайтын сайлаушылардың белгілі бір қолын жинауы тиіс. Қазіргі уақытта еліміздің Конституциясында және "Сайлау туралы" Конституциялық заңда қойылатын талаптарға сай келген кандидаттарға облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Қазақстан Республикасы астанасының сайлау комиссияларына Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдап қол жинауға арналған қол қою парақтары берілген. Президенттікке кандидаттарды қолдау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кем дегенде 2/3 бөлігін тең дәрежеде білдіретін сайлаушылардың кем дегенде 1 пайызының қолдарын жинаумен расталуы тиіс. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы дерекке сәйкес ҚР Орталық сайлау комиссиясы 11 814 019 дауыс беруге құқығы бар азаматты Қазақстан Республикасының сайлаушылар тізіліміне енгізген. Осылайша, әрбір кандидатты қолдау үшін 118 140 сайлаушының түпнұсқалы қолы жиналуы қажет. Қол жинауды Президенттікке кандидаттардың сенім білдірген адамдары ұйымдастырады. Сенім білдірілген адамдарды тіркеуді, сондай-ақ қолдардың түпнұсқалылығын тексеру рәсімін аумақтық сайлау комиссиялары паспорттық қызметтерінің қызметкерлерін тарта отырып жүргізеді.
Осыдан кейін президенттікке кандидаттар ретінде тіркелу үшін ұсынылушылар 2019 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша өзінің және жұбайының (зайыбының) кірістері мен мүлкі туралы декларациялар тапсырғаны жөнінде мемлекеттік кіріс органының анықтамасын, сондай-ақ өзінің денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындыны Орталық сайлау комиссиясына тапсыруы қажет. Кандидаттарды тіркеу ағымдағы жылдың 11 мамыры күнгі сағат 18.00-ге дейін жалғасады. Тапсырылған декларацияларда кандидаттардың кірістері мен мүлкі туралы мәліметтердің рас еместігі анықталған жағдайда Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеудің күшін жоя алады.
Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт жұмыстары тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін, 11 мамыр күні сағат 18-00-ден кейін дереу басталады және дауыс беру күні алдындағы күнгі 00-00 сағатқа дейін, яғни 8 маусым күнгі 00-00-ге дейін жалғасады. Дауыс беру 9 маусымда жергілікті уақыт бойынша 07-00-ден 20-00-ге дейін болады. Дауыс беру аяқталған кезден бастап 12 сағаттан кешіктірмей сайлау учаскелерінде дауыстарды санау жүргізіледі. Әкімшілік-аумақтық бірліктер бойынша дауыстарды санау нәтижелері аумақтық комиссиялардың отырыстарында белгіленеді және Орталық сайлау комиссиясын екі күн мерзім ішінде, яғни 11 маусымнан кешіктірілмей жеткізіледі.