Қазақстанда сот жүйесі жаңғыртылады
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сот жүйесін жаңғырту мәселелеріне арналған кеңес өткізді
Жиында сот жүйесін Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауда көрсетілген басымдықтарға сәйкес одан әрі жаңғырту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
- Халықтың соттарға сенімі мемлекетке деген сеніммен бара-бар. Осыған байланысты, "100 нақты қадам" Ұлт жоспары аясында маңызды жұмыс атқарылды. Сот жүйесін жетілдіру экономикамызды жаңғыртудың және азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттырудың маңызды бөлігі саналады, - деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев сот жүйесінің жұмысындағы кешенді мәселелерді шешу үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Осыған орай, сот жүктемесі соңғы үш жылда екі есе артқаны атап өтілді.
- Бір жұмыс күні ішінде судья 4 отырыс өткізіп, осыншама шешім қабылдап, 150 санкция шығаруы керек. Осыдан кейін, әрине, олардың сапасына қатысты сұрақ туындайды. Бұл істердің 30 пайызы сотта қарауды қажет етпейді, - деді Мемлекет басшысы.
Елбасы сот кадрларын сапалы тұрғыда жаңартуға бағытталған заң жобасын әзірлеп, Парламенттің қарауына енгізуді тапсырды.
- Қоғамда соттарға деген нық сенім болғанда ғана сот жүйесін жаңғырта аламыз. Біздің түпкі мақсатымыз - тәуелсіз әрі сатылмайтын сот билігі. Соттар статистикалық әдістермен ғана емес, сондай-ақ тәуелсіз әлеуметтік зерттеулер жүргізу арқылы бағаланатын болады. Сот құрамы судьялардың қаншалықты адал қызмет етіп, сенімге ие болғанына байланысты бағаланатынын түсінуге тиіс. Заңнаманы қатаң сақтауға негізделген шұғыл әрі ашық сот төрелігі қоғамымыздың негізі мүддесі мен еліміздің стратегиялық даму бағытына сай келеді, - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сот ісін жүргізуде және электрондық сервистер жұмысында жаңа форматтар енгізуді, сондай-ақ сот ғимараттарында фронт-кеңселер құруды тапсырды.
Белгіленген міндеттердің жүзеге асырылуына бақылау жасауды қамтамасыз ету Президент Әкімшілігіне жүктелді. Бұл орайда, сот істерінің сапалы әрі уақтылы қаралуына, сондай-ақ азаматтардың талабын қанағаттандыруға баса мән берілуі керек.