Назарбаев: ТМД аумағында қарым-қатынас нығая түсті
Қазақстан Президенті ТМД-ға мүше елдердің Үкімет басшылары кеңесінің мүшелерімен кездесті
Мемлекет басшысы ТМД-ға мүше елдер делегацияларының басшыларына ілтипат білдіріп, Достастық мемлекеттерінің ынтымақтастығын нығайту үшін бүгін өтіп жатқан Кеңестің айрықша мәні бар екенін атап өтті, деп хабарлайды Ақорда.
– Бүгін сіздер Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысасыздар. Оның күн тәртібінде 15 нақты мәселе бар. Бұл іс-шара елдеріміз арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға зор үлес қосады деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті ТМД елдері арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытудың маңыздылығын айтты.
– Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде ТМД іргелі ұйымға айналды. Бұл бірлестік халықтарымыз арасындағы тарихи байланыстарды сақтап қалуға мүмкіндік беріп, әр елдің егемендігін нығайтуға септігін тигізді. Қазіргі кезде Достастық аясындағы өзара ықпалдастықтың маңыздылығы арта түсті. ТМД-дағы сауда-саттық көлемі өсіп келеді. Былтыр тауар айналымының көлемі 25 пайызға артып, 164 миллиард долларға жетті. Мұндай үрдіс биыл да жалғасын табуда, – деді Мемлекет басшысы.