Қазақстанға жаңа елшілер келді
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Ливан, Украина, Бразилия, Германия, Пәкістан елшілерін қабылдады
Рәсім барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа Ливан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Жискар Әл-Хури, Украинаның Төтенше және өкілетті елшісі Иван Кулеба, Бразилия Федеративтік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Марсия Доннер Абреу, Германия Федеративтік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Тило Клиннер, Пәкістан Ислам Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Имтиаз Ахмад Кази сенім грамоталарын тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев Пәкістан Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі перспективалы серіктесі саналатынын атап өтіп, Пәкістан Шанхай ынтымақтастық ұйымының толық мүшесі ретінде оның жұмысына тың серпін беретініне сенім білдірді.
– Сауда-экономика саласындағы байланысты нығайту мақсатымен бірлескен Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің жұмысын жандандырып, тиісті «Жол картасын» қабылдау қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті биыл Бразилиямен арадағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл болғанын айтып, бұл елдің Латын Америкасындағы рөлі зор екенін атап өтті.
– Мен 2016 жылғы қыркүйекте «Үлкен жиырмалық» форумы аясында Бразилия Президенті Мишел Темермен кездестім. Онда біз екі жақты қатынастарды жаңа сапалы деңгейге көтеру жолдарын талқыладық. Осыған орай, технология, ауыл шаруашылығы, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп салаларында бірлескен жобаларды іске асыруды жандандыру қажет. Орнатылған визасыз режім елдеріміздің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын ілгерілетуге септігін тигізеді деп ойлаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.