Американдық сот Храпуновтарға Қазақстанның пайдасына шығарылған шешімді қайта қараудан бас тартты
ҚР Әділет министрлігінің сайты хабарлағандай, 2017 жылғы 11 шілдеде АҚШ-тың тоғызыншы округі бойынша апелляцилық соты 2017 жылғы 30 наурызда Қазақстан Республикасы және Алматы қаласы әкімдігінің пайдасына шығарылған шешіммен аяқталған апелляциялық процесті қайта қарау туралы Виктор Храпунов, оның отбасы мүшелері және олардың компанияларының өтінішін қабылдамай тастады
Енді Алматы қаласының азаматтық талап арыздары Калифорния штатының Округтік сотында қаралатын болады. Аталған талап-арыздарға сәйкес жауапкерлер Бопсалаумен және жемқорлықпен күрес туралы АҚШ заңын бұзу, Алматы қ. тұрғындарының мүдделеріне және пайдасына қызмет ету жөніндегі міндетті бұзу, біреудің меншігін заңсыз иемдену және осы мақсатта қылмыстық келісімге түскендігі үшін айыпталып отыр.
Округтік сотта Храпуновтар және олардың компанияларының қылмыстық жолмен алған ақшаны пайдалана отырып, Калифорнияда жылжымайтын мүлік және қымбат көліктерді меншікке алғандығы туралы дәлеледемелер ұсынылатын болады.
Алматы қаласының мүдделерін білдіруді Latham&Watkins LLP (АҚШ) заң консультантымен бірлесе отырып ҚР Әділет министрлігі жүзеге асырады.