Қазақстандық дәрігерлер жемқорлыққа қарсы күрес жүргізбек
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Ал меморандумға қол қоюға елдің Денсаулық сақтау министрлігі бастама көтерген, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
- 2017 жылмен салыстырғанда, биыл жағымсыз фактілерінің төмендеу тенденциясы бар. Мәселен, 2017 жылы Министрліктің Қоғамдық денсаулық сақтау және Фармация комитеттерінің мемлекеттік қызметшілеріне әдеп қағидаларын бұзғаны үшін 18 және мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіргені үшін 21 тәртіптік жаза қолданылды. Ал биылғы 7 айда әдеп қағидаларын бұзғаны үшін 4 және мемлекеттік қызметтің беделіне теріс әсер еткені үшін 1 тәртіптік жаза бар,- деп атап өтті ҚР ДСМ басшысы Елжан Біртанов.
Өз кезегінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алик Шпекбаев бүгінгі таңда адами капиталдың маңызды факторы үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт болып табылатынын атап өтті. Соған байланысты, медициналық қызметтерді көрсету сапасын арттыру, денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу елдің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторларының бірі.