Қазақстандық балаларға Ұлттық банктен алғашқы төлем түсті
Қазақстандағы 7 мыңға жуық баланың есепшотына өткен жыл үшін 45 мың теңгеден төлем түсті
Төлемнің түскен-түспегенін www.kids.enpf.kz сайтынан тексеруге болады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі "БЖЗҚ" АҚ ақпаратына сүйеніп.
Бүгіннен бастап, яғни 2024 жылдың 1 ақпанынан, www.kids.enpf.kz сайтынан баланың "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасына қатысу мәртебесін және оған қандай сома есептелгенін білуге көмектесетін онлайн-сервис жұмыс істей бастайды.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бағдарламаға 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы болып есептелетін барлық балалар қатысушы ретінде тіркелді, - делінген "БЖЗҚ" АҚ сайтындағы ақпаратта. - Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны - 6 919 131 бала (қоса алғанда, 01.01.2006ж. бастап 31.12.2023ж. дейін туылған балалар). Оның ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады (қоса алғанда, 01.01.2006ж. бастап 31.12.2006ж. дейін туылған балалар).
Олардың барлығына өткен жыл үшін Қазақстанның Ұлттық қорынан 100 АҚШ доллары және 52 центі мөлшерінде бірдей сома есептелді.
Бұл тек алғашқы есептеулер екенін түсіну маңызды, - деп ескертті "БЖЗҚ" АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов. - Жыл сайын бұл сома Ұлттық қор активтерінің өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады. Бұдан бөлек, есептелген қаражат Ұлттық қордың валюталық активтерінің құрамында инвестициялануын жалғастырады және Бағдарламаға қатысушы балаларға олар 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкеледі.
18 жасқа 2024 жылы толатын балаларға аталған сома олардың БЖЗҚ-да автоматты түрде ашылған нысаналы жинақтау шоттарына түсті. Бағдарламаның бұл қатысушылары өздерінің нысаналы жинақтарын тұрғын үйге немесе білім алуға кәмелетке толғаннан кейін бірден пайдалануға құқылы болады.