Қазақстанда 1 қазаннан бастап теңгемен ашылған депозиттің мөлшерлемесі өседі
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы жинақ және жедел салымдары бойынша жаңа шекті сыйақы мөлшерлемесін бекітті
Теңгемен депозит ашқысы келетін азаматтар үшін жаңа салымдар бойынша шарттар 1 қазаннан өзгереді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұл күнге дейін ашылған салымдарға бұрынғы келісімшарттар бойынша қызмет көрсетіледі. Сыйақы мөлшерлемесі салымның мерзімі мен түріне, мерзімінен бұрын шешіп алу мен толықтырып отыру құқығына байланысты сараланады.
Өтімділігі мен табыстылығы бойынша түрлі деңгейдегі салымның үш санаты болады. Банк клиенттері өз жинақтарын жедел, жедел емес және жинақ депозиттеріне сала алады.
Жедел емес салымдардың табыстылығы ең төмен болады. Бірақ салымшы депозиттегі ақшасын кез келген уақытта шешіп алу мүмкіндігіне ие. Ал жедел салымдардан ақшаны алу қиынырақ болады, бірақ табыстылығы жағынан тиімді болады. Жинақ депозиттерінің табыстылығы ең жоғары, есесіне ақшаны мерзімінен бұрын шешіп алу талаптары қатаң болады.