Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары 7 триллионнан асты
2017 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 7,27 трлн теңге болды. Жыл басынан бергі өсім 588 млрд теңгені (8%) құрады
2017 жылғы 1 тамызда шарттардың барлық түрлері бойынша салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) саны 10,09 млн бірлік, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен 9,62 млн бірлік болды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша салымшылардың ЖЗШ саны 430,3 мың бірлікті, ал ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша 39,83 мың бірлікті құрады.
2017 жылғы шілдеде келіп түскен жарналардың жалпы сомасы 59,5 млрд теңгеге жетсе, оның ішінде міндетті зейнетақы жарналарының сомасы 56,7 млрд теңгені құрады.
2017 жылдың басынан бері салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 297,06 млрд теңге болды. Ағымдағы жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы жыл басынан бері 4,3 пайызды құрады. Осы кезеңде инфляция деңгейі 3,8 пайыз болды.
2017 жылдың басынан бері БЖЗҚ-дан төленген зейнетақы төлемдерінің сомасы 134,31 млрд теңге, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 16,13 млрд теңге болды. Салыстырып қарайтын болсақ, өткен жылдың сәйкес кезеңінде БЖЗҚ-дан шамамен 106,58 млрд теңге төленген, оның ішінде сақтандыру ұйымдарына жасалған аударымдар 10,95 млрд теңгені құраған.
Салымшы (алушы) өзінің ЖЗШ-сындағы зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы (оның ішінде есептелген инвестициялық табыс туралы) ақпаратты БЖЗҚ-ның 231 дербес қызмет көрсету орталықтарының бірінен, сондай-ақ пошта байланысы, электрондық пошта, БЖЗҚ сайты немесе ұялы қосымша арқылы ала алады.
2017 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 769 мың адам зейнетақы шоты бойынша үзінді-көшірмені электрондық мекенжайына алады. Ал 3,5 миллионға жуық адам бұл үшін Қордың ресми сайтын немесе әртүрлі операциялық жүйелерде жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттерге арналған «ENPF» ұялы қосымшасын пайдалану мүмкіндігіне ие. 2017 жылдың шілдесінде сайт немесе ұялы қосымшаны пайдаланушылардың қатарына шамамен 100 000 салымшы (алушы) қосылды. Олар бұл үшін ақпарат алу тәсілін өзгерту туралы қосымша келісімге қол қойған.
Бір ай ішінде ұялы қосымшаны жүктеп алу саны 67,4 мыңға артып, барлығы 917,7 мың бірлікті құрады. Естеріңізге сала кетелік, 2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бұл көрсеткіш 509,7 мың жүктеуді құраған болатын.
Салымшы (алушы) БЖЗҚ-ға өзі келіп, не болмаса 1418 тегін нөміріне қоңырау шала отырып телефон арқылы, әлеуметтік желілер, сондай-ақ қашықтықтан: Қордың корпоративтік сайтындағы «Кері байланыс» және «Онлайн-чат» нысаны арқылы құпия ақпараттан басқа барлық өзін қызықтырған мәселелер бойынша кеңес ала алады.
Следующая →