Қазақстанда жыл соңына дейін ішкі рейстерге әуе билеттерінің бағасы арзандайды
Әуе билеттерінің бағасының қымбаттығы қазақстандық МӨЗ-дің көбі қайта жөндеуде тұрғандықтан отандық керосиннің жетіспеушілігімен түсіндіріледі
Елімізде жыл аяғына қарай әуе билеттерінің бағасы арзандауы тиіс. Бұл туралы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Сенатта өткен «Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша заң жобасын» талқылау кезінде мәлімдеді.
Оның айтуынша, билет құнына мұнай өңдеу зауыттарының жаңғыртылуы әсер етуі тиіс.
Ведомство басшысының пікірінше, егер кәсіпорындар жөндеуден өтсе, Қазақстанда әуе керосині арзандап, оны импортқа шығаруға да мүмкіндік туады.
-Бүгінде біз керосиннің 60 пайызын шетелден алып келеміз, - дейді ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек. - Оның бағасы әуе билеті құнының 30 пайызын құрайды. Ол әуежайларда әртүрлі, 150 мен 300 мың теңге аралығында тұрады. Мұнай өңдеу зауыттары жөндеуден өтіп жатыр. Жыл соңына дейін жаңғырту жұмыстары аяқталуы тиіс. Нәтижесінде бізге қажетті 800 мың тонна керосин өндіріліп, әуе билетінің бағасы төмендейді деп күтіп отырмыз.
Министрдің хабарлауынша, қазір ел ішінде және шетелге қатынайтын ұшақ билеттерінің құнын арзандату үшін бірқатар шара қолға алынған.
Ең бастысы, әуе компанияларының арасында бәсекелестіктің орнауы. Мәселен, жақында венгриялықтар жолаушыларды Еуропаға арзан тарифпен жеткізуге дайын екендіктерін айтты. Отандық компаниялар да халықаралық әуе қатынасын дамытуға дайын.
Следующая →