Ирандық инвесторлар Аягөздегі алма бағын өсіреді
Ақшәулі ауылдық округіндегі иесіз жатқан 700 га жерде жуырда Иран инвесторлары алма бағын өсірмек
Фото:
supersadovod.ru
Құны 444 млн теңге құраған жоба аясында аталған аумаққа жергілікті климатқа төзімді ирандық алма тұқымы отырғызылады.
Бұл жайлы «ШҚО Ақпараттық орталығы» АКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында Аягөз ауданының әкімі Бақытжан Байахметов мәлімдеді. Айта кетсек, аталған жоба Ұлт жоспары Елбасының 5 институционалдық реформасының жүзеге асыруда «100 нақты қадамның» 36-шы қадамы аясында іске аспақ.
- Аягөз ауданына келген инвесторлар жерді көріп, топырақ құнарлылығы, ауа ылғалдылығы қолайлы екенлігін айтты. Енді жуырда алма тұқымдары әкелініп, бейімделеді. Бөлінген аумақтың топырағы құнарлы әрі суаруға ыңғайлы, - деді Бақытжан Байахметов.
Сонымен қатар, Аягөз ауданында бұдан бөлек аумағы 247 мың 380 га құраған 260 игерілмеген жер анықталған. Соның ішінде қолданылмаған үшін 203 990 га жер көлемін жалға алған кәсіпкерлердің келісімшарттары бұзылып, оның орнына шетелдік инвесторлар тартылу үстінде.
Айта кетсек, «ШҚО Ақпараттық орталығы» АКҚ-да облыс аумағындағы аудан және қала әкімдерінің қатысуымен өтетін баспасөз мәслихаттары басталды.