Алтай ауданының туристік әлеуеті зор
Мұндағы Бұқтырманың жағалауы кеңестік кезден бері өңір тұрғындарының сүйікті демалыс аймағына айналған
Статистикалық деректерге сүйенсек, өткен жылы ауданның демалыс орындарына 300 мыңнан астам адам демалуға келіпті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жаңа Бұқтырма кентінде және Бұқтырма жағалауында туризмді дамыту жоспары былтыр қолға алынған болатын. Содан бері біраз жұмыс атқарылды. Облыстық бюджеттен бөлінген 3 млрд теңге қаржыға Жаңа Бұқтырманың орталығы абаттандырылып, кенттің орталық бөлігіндегі жылу, су құбырлары ауыстырылып, саябақ, майдангерлер ескерткішінің, спорт мектебінің аумағы абаттандырылуда.
Абай көшесінің екі жағын абаттандыру жұмыстары былтыр басталды. Бұл жұмыстардың жалпы ауданы отыз мың шаршы метрді құрайды. Ескерткіш аумағына, балалар алаңы мен мәдениет үйінің айналасына сегіз мың шаршы метрдей брусчатка төселді. Сондай-ақ жол жиегіне екі мыңдай бордюр, жаяу жүргіншілер жолына да осы көлемде жиектас орнатылды. Кент қонақтары мен тұрғындары үшін орталық алаңда екі субұрқақ пен фастфуд зоналары, серуен алаңдары салынады. Ойын алаңдары да жаңартылады, – дейді Жаңа Бұқтырма кентінің әкімі Нұржан Дәуренұлы.
Туристердің көптеп келуі үшін ұялы байланыс пен интернеттің болуы да маңызды. Айталық, былтыр Новокрестьянка, Кремнюха ауылдары интернетке қосылды, "Казцинк" ЖШС қолдауымен Малеевка ауылында антенна орнатылып, байланысқа қосылды. Ал биыл Крестовка ауылына интернет жетті. Алдағы уақытта Бородино ауылында антенна орнатылады. "Қазақтелекоммен" Шірікқайың ауылына ұялы байланыс орнату бойынша келіссөз жүргізілуде.
Сонымен қатар, кенттегі жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары да жүріп жатыр. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері ауыспаған құбырлардың тозығы жеткен. Абаттандыру жобасына енген Абай көшесінде басталған жұмыстардың негізгі бөлігі жаз соңына дейін аяқталады деп жоспарлдануда. Одан бөлек кенттегі орталық жылу қазандығы да жөндеуден өтпек.