Қазақ қызы алғаш рет Эверест шыңын бағындырды
Мемлекет басшысы альпинист Анар Борашеваны қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анар Борашеваны әлемдегі ең биік Эверест шыңын қазақ қыздарының арасынан бірінші болып бағындыруымен құттықтады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Анар Борашева тауға өрмелеумен 2015 жылдан бері айналысып келеді. Ал альпинизмнің қыр-сырын кәсіби түрде соңғы 4 жыл ішінде меңгерген. Эверестке дейін ол көптеген шыңды бағындырып үлгерген. Оның ішінде Альпі тауларындағы Монблан шыңы мен Африкадағы ең биік Килиманджаро тауы бар.
Президент оның осынау айтулы жетістігі жастарды спортпен шұғылдануға жігерлендіргенін айтты. Мемлекет басшысы спорттың мұндай қиын әрі қауіпті түрімен айналысу үшін асқан ерік-жігер, төзімділік, сондай-ақ психологиялық және физикалық дайындық керек екеніне назар аударды.
Альпинист алдағы уақытта әлемдегі ең биік жеті шыңды бағындыруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысына Эверест шыңына алып шыққан Қазақстан туын сыйға тартты.