Балалардың еміне ақша жинап, қалтасына басқан қор басшысы ұсталды
"More life" қорының директоры балалардың еміне халықтан 30 млн теңге жинап, оны өзі иемденген

Тәртіп сақшылары осы қордың алаяқтығынан зардап шеккендерден полицияға жүгінуді сұрайды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Polisia.kz ақпаратына сүйеніп.
Ақтөбе облысының полициясына қаланың алты тұрғыны "More life" қорының өкілдеріне қатысты арызданған. Жәбірленушілердің айтуынша, қор директоры емделуге қаражат жинауға көмек көрсетемін деген сылтаумен халықтан ақша жинап, ақшаны заңсыз иемденген. Жиналған қаржы 30 млн теңгеден асты.
2023 жылы қор мен емделуге мұқтаж баланың ата-анасы арасында келісім жасалған. Қажетті соманы жинағаннан кейін қор ата-ананы баласымен бірге емдеуге Беларусь Республикасының Минск қаласына ақшасыз жіберген. Қор әртүрлі сылтаулармен ақша аударымын жібермеген. Салдарынан бала тиісті ем қабылдамаған, ал ата-анасы бөтен елде көмексіз қалған, - деп хабарлады тәртіп сақшылары.
Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция департаменті аталған қордың әрекетінен зардап шеккендердің барлығын дереу полицияға хабарласуды сұрайды.