Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар саны артты
Бұндай ұйымдардың көбі Шығыс Қазақстан облысында орналасқан
Облыста қазір 31 әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйым бар, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2023 жылдың соңына қарай арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың саны 2022 жылмен салыстырғанда 10-ға көбейіп, 291-ді құрады.
Олардың ішінде:
- 173 - стационарлы түрдегі
- 80 - жартылай стационарлы түрдегі
- 34 - уақытша болу ұйымдары
- 4 - арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетудің бірнеше шарттары бар ұйымдар
Ұйымдардың ең көп саны Шығыс Қазақстанда - 31, одан кейін Қарағанды (28) және Қостанай (21) облыстарында тіркелген. Ең азы Ұлытау облысында - 3.
2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл ұйымдарда тұрып жатқан адамдардың саны 41 703 адамды құрады, оның ішінде жасы бойынша зейнеткерлер - 14 201 адам (34,1%), Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері - 12 адам (0,03%). Негізгі контингент - мүмкіндігі шектеулі жандар. Олардың саны 25 496 адамды немесе қызмет көрсетілгендердің жалпы санының 61,1% құрады, - деп мәлімдеді ҚР Ұлттық статистика бюросы.
Айта кетейік, 256 мекеме мемлекеттік меншікте, 32 - жеке меншік, 3 мекеме шетел меншігінде.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға қарттар мен мүгедектер үйлері, психоневрологиялық мекемелер, оңалту және әлеуметтік бейімдеу орталықтары және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар жатады.