Қазақстанда "жер сағаты" экологиялық акциясы өтеді
Бүгін Қазақстанның барлық өңірлерінде жыл сайын ұйымдастырылатын Халықаралық акция аясындағы "Жер сағаты" экологиялық науқаны өтуде
Акцияға "Жер елшілері" - мектеп парламенттерінің өкілдері, эко-белсенділер, экология саласындағы сарапшылар және оқушылардың ата-аналары қатысуда, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Оқу-ағарту министрлігі ақпаратына сүйеніп.
Шараның мақсаты - балалар мен жастардың санасына эко-белсенділік және экологиялық мінез-құлық идеяларын сіңіру, экологиялық мәдениет дағдыларын дамыту.
Жер сағаты акциясы - Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры өткізетін жыл сайынғы халықаралық іс-шара. Ол барлық адамдарды табиғатқа ұқыпты қарауға шақырады. Шара аясында климаттың өзгеруіне байланысты адамзатты электр энергиясын тиімді пайдалануға шақыру мақсатында әлемдік маңыздағы сәулет ескерткіштері мен ғимараттары өз жарықтарын өшіреді. Сондай-ақ жеке тұлғалар, кәсіпорындар мен білім беру ұйымдары және мемлекеттік мекемелер, коммерциялық ұйымдар электрден бір сағатқа бас тартады, – деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі "Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы" РМҚК директоры Раиса Шер.
Акция шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінде ауқымды іс-шаралар қолға алынды. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында электр қуатынсыз дайындауға болатын тәттілер мен сусындар ұсынылатын фуд-корт ұйымдастырылмақ.