Наурыз айы жылу мен суығын қатар әкеледі
Наурыз айының алғашқы жартысы суық болады. Ауа температурасы түнде -27 градусқа дейін төмендеуі мүмкін
Фото:
novokuznecknews.ru
Алайда суық күн райы еліміздің тек шығысы мен оңтүстік шығысында және батыстың кей өңірлерінде сақталады. Ал қалған аймақтарда ауа райы жылы болып, термометр 1 градустан жоғары бағананы көрсетуі ықтимал.
Қазақстанның батыс, шығыс, түпкі солтүстік және оңтүстіктің таулы аймақтарында жауын-шашын еселеп жауса, өзге аймақтарда мөлшерден аз жауады.
Метео қызметінің ақпараты бойынша, еліміздің басым бөлігі шығыс бағытына ауысып отыратын циклонның ықпалында болады.
- Бұл циклон көптеген өңірлерге жауын-шашынның тұруын, тұман, көктайғақ пен секундына 15-20 метр желдің соғуын әкеледі. Ал антициклонның келуімен солтүстік аймақтарда ауа температурасы -12-20 градусқа, шығыста -27 градусқа дейін төмендеп, аяз тұрады. Оңтүстік және оңтүстік шығыста 0-5, 8-13 градус аяз болады деп күтілуде, - деп атап өтті «Қазгидромет» АММ мамандары.
Синоптиктер алғашқы он күндіктен кейін ауа температурасы қайта көтерілетінін айтуда. Сондай-ақ, аяздар екінші онкүндіктің бірінші жартысында қысады. Ал екінші жартысында күн жылып, жауын-шашын азаяды. Наурыз айының үшінші онкүндігі нағыз көктемдік күн райымен қуантпақ. Бұл кезде термометр бағанасы 2-10 градусқа дейін, ал оңтүстік өңірде 12-17 градусқа дейін көтеріледі.
Ерке Биғазина