Амал күні - Наурыздың алғашқы хабаршысы
Бүгін, 14 наурыз, Көрісу күні – Амал мерекесі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Амал күнімен құттықтады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Әз-Наурыздың бастауы - Амал күні құтты болсын! Бұл – халқымыздың ежелгі әдет-ғұрпын жаңғыртып, төл мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналған бірегей дәстүріміз. Осы күні ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымыз ерекше дәріптеледі. Ел ырысы көбейе берсін! Жыл жақсылығымен келсін! - деп жазды Президент өзінің Х парақшасында.
Мерекелік онкүндік Амал мерекесінен басталады. Бұл күні жасы үлкендерге арнайы сәлем беріп, құрмет көрсету, қонақ күту, мейраммен құттықтап, ізгі тілек жаудыру салты қалыптасқан. Амал мерекесінің мәні Наурызбен біте қайнасқан, себебі ол – Наурыздың алғашқы хабаршысы.
Бұл күн – Табиғат-Ананың, Жер-Ананың, жалпы тіршілік атаулының көктемгі жаңаруы мен оянуының бейнесі. Қазақстан халқы үшін Амал дәстүрі отбасыдағы жылылық пен татулықпен тығыз байланысты. Жасы кішілер үлкендердің үйіне арнайы барып, сәлем береді, Жаңа жылда ақсақалдардан бата сұрайды. Бұл дәстүр қазақстандық менталитеттің ажырамас бір бөлігі, туыс-туған, дос-жаран, көрші-қолаңның көптен күткен кездесуін білдіреді. Бұл күні адамдар бір-біріне кешіріммен қарап, ескі өкпе-реніштерден арылуы қажет.
Дәстүрлі түрде Қазақстанның батыс өңірлерінде жаңа жылдың басы ретінде атап өтілетін "Амал мерекесі" қуаныш пен шаттық мейрамы ғана емес, бұл – өмірді жаңадан бастауға, өткенді кешіріп, болашақты таза жүрекпен қарсы алуға мүмкіндік беретін кезең.
Бұл күн барлық реніштерді ұмытып, айналамыздағы адамдарға шынайы мейірімділік көрсетуге шақырады.
Бұл орайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Амал" біздің ұлттық бауырмалдығымыз бен мейірімділігіміздің көрінісі екенін айтып жүр.
14 наурыздан бастап "Наурыз-базарлық" маусымы жарияланады, оның барысында жаппай сатылымдар мен жеңілдіктер қарастырылады.