ҚР Президенті Қытайдағы көлік-логистика терминалын телекөпір арқылы іске қосты
Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы аясында Сиань қаласында көлік-логистика терминалы іске қосылды
Мемлекет басшысы аталған сала мен жалпы Қазақстан-Қытай қатынастары үшін көлік-логистика орталығын ашудың маңызды екенін атап өтіп, нысанды іске қосты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Қытайдың Шэньси қаласын Қазақстанмен, Орталық Азиямен және одан әрі Еуропамен байланыстыратын Сиань құрғақ портында логистика орталығын салу жөнінде уағдаласқан болатын.
Сиань – Қытайдың тораптық транзиттік орталығы және ең ірі құрғақ порт орналасқан қаласы. ҚХР мен Еуропа Одағы арасына қатынайтын контейнерлік пойыздардың 40 пайызына жуығы осы жерден жөнелтіледі.
Сиань қаласындағы құрғақ портта орналасқан Қазақстан терминалының жобалық қуаты – жылына 66,5 мың ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент). Терминал еліміздің экспорттаушылары үшін жаңа өткізу нарықтарына жол ашады, жүктерді жеткізу мерзімін едәуір қысқартады және Қазақстанның Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.