Алматы облысында мектеп қаражатын жымқырған есепшілер әшкереленді
Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарындағы мектептердің есепшілері бюджет қаражатын жымқырған
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Алматы облысының прокуратурасы Талғар ауданындағы мектептердің бірінде есепшінің жалақыға арналған бюджет қаражатын ұрлау фактісін анықтады, - делінген хабарламада. - Бұл құқықбұзушылық мектепте жұмыс істемейтін қызметкерлері мен олардың туыстарына ақша аудару арқылы жасалған. Алдын ала келтірілген шығын 90 млн теңгеден асады және шығынды есептеу жалғасуда.
Аталған факті бойынша облыс прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодекстің 189-бабы 2-бөлігі 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу), тергеулігі бойынша Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу басқармасына жолданды.
Осыған ұқсас факт Еңбекшіқазақ ауданында да анықталып, тергеу қорытындысы бойынша мектеп есепшісі тергеу сатысында 10 млн теңгеден астам шығынды өтеген.