Қазақстанда Оңтүстік Корея университетінің филиалы ашылмақ
Түркістан облысында Вусонг университетінің филиалы ашылуы мүмкін
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Вусонг университетінің өкілдерімен жүздесті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі ақпаратына сүйенсек, меймандар Қазақстанда, соның ішінде Түркістан облысында Вусонг университетінің филиалын ашу мәселесін қарастырған. Сондай-ақ, тараптар еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Вусонг университеті арасындағы екіжақты ынтымақтастық жағдайын талқылады.
Кездесуге Вусонг халықаралық мектебінің атқарушы деканы Ю Тэк Ли, Вусонг білім беру қорының атқарушы директоры, басқарма мүшесі, Вусонг білім беру қорының стратегиялық жоспарлау бойынша директоры Тэ Хан Ким, стратегиялық жоспарлау бөлімінің басшысы, Вусонг білім беру бөлімінің профессоры Йонгхва Джон қатысты.