Бүгін - Ұлттық басылым күні
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баспасөз қызметкерлері құттықтады
1913 жылдың дәл осы күні еліміздің баспасөз саласының бастауында тұрған "Қазақ" газетінің алғашқы саны жарық көрді. Халқымыздың біртуар перзенттері – Алаш арыстары шығарған бұл басылым сындарлы сәттерде ұлтты ұйыстыруға айрықша ықпал етті.
2023 жылы ҚР Үкіметі қаулысымен 2 ақпан Ұлттық басылым күні болып бекітілді.
111 жыл бұрын 2 ақпан күні "Қазақ" газетінің бірінші нөмірі шықты. Оның бастауында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялылары тұрды. "Қазақ" газетінде Мұстафа Шоқай, Сұлтанмахмут Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Халел Досмұхамедов және тағы басқа танымал қазақ қоғам қайраткерлері өз мақалаларын жариялады.
Қазақ зиялылары құрған газет ұлттық жаңғырудың қайнар көзі болды. Сол себепті осы датаны Ұлттық басылым күні ретінде атап өтудің маңызы зор.
Сөз бостандығына адалдығынан айнымаған басылымдар әрдайым шынайы ақпараттың және сапалы сараптаманың қайнар көзі болып қала береді, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. - Газет-журналдар замана тынысын дөп басып, мемлекет пен қоғамдағы қордаланған мәселелерді көтереді, түрлі көзқарастағы ой-пікірлерді жарыққа шығарады. Сондай-ақ жалпы адамзатқа ортақ ізгі құндылықтарды дәріптейді.
Баспасөз қызметкерлері кәсіби біліктіліктің, отаншылдық пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Біздің басылымдарымыз халықтың бірлігін нығайтуға атсалысып, Әділетті Қазақстанды құру ісіне елеулі үлес қоса береді деп сенемін.
Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және шығармашылық шабыт тілеймін!