Қазақстанда "Бірлік ансамблі" құрылды
1 наурыз - Алғыс айту күні жаңа "Бірлік ансамблі" атты ән-би ұжымының тұсаукесер концерті өтеді
Ансамбль ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен құрылып отыр, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Министрліктің баспасөз қызметі ақпаратына сүйенсек, шығармашылық ұжым Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының жанынан жанды аспаптық сүйемелдеумен әлем халықтарының билерін зерделейтін және кәсіби деңгейде орындайтын халықаралық ұжымды қалыптастыру, өскелең ұрпақты басқа ұлттардың өнері мен мәдениетімен таныстыру, сондай-ақ қоғам санасында мәдени код ретінде көп ұлтты Қазақстан халқының бірлігін нығайту мақсатында құрылды.
"Бірлік ансамблін" құру бойынша жұмыс аясында кастинг өткізілді, онда әр алуан ұлт өкілдері мен мультиинструменталистер арасынан 20 үздік биші мен музыкант таңдалды, - деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі. - 1 наурыз күні көпшілік және жеке хореографиялық шығармалар, аспаптық және вокалдық нөмірлер орындалады. Би нөмірлерін және бірегей би композицияларын қою мақсатында бірлескен жұмыс пен тәжірибе алмасу үшін көрнекті шетелдік хореографтар, Ресей, Татарстан, Өзбекстан және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері шақырылды.